Прокурор Сұлтан Сәрсемалиевті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады

/
Прокурор Сұлтан Сәрсемалиевті өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұрады

Бүгін Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты іс бойынша сот жарыссөзі аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz АқЖайыққа сілтеме жасап. 

Мемлекеттік айыптаушы Сұлтан Сәрсемәлиевті өзіне тағылған барлық айыптар бойынша кінәлі деп тануды сұрады. Оған төрт адамды өлтіруден бөлек, ұрлық, алаяқтық, мал ұрлығы, сондай-ақ құжаттарды заңсыз иемдену және жасыру баптары бойынша айып тағылған.

Айыптардың жиынтығын ескере отырып, прокурор соттан айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Сот жарыссөзі барысында Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыпты тағы да мойындамайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, Наурыз Мұқанғалиев жанжал кезінде өзін қорғамақ болған сәтте қаза тапқан. Ал отбасының қалған үш мүшесін өлтіргенін айыпталушы бұған дейін де мойындаған.

Енді сот айыпталушыға соңғы сөз беру рәсімін өткізеді. Осыдан кейін судья үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетеді.

Еске салайық, тергеу нұсқасы бойынша, өткен жылдың желтоқсанында Сұлтан Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның ата-анасын, сондай-ақ оның інісі мен қарындасын өлтірген. Тергеу мәліметінше, осыдан кейін ол бірнеше апта бойы қылмысты жасырып, қаза тапқандардың телефондарына келген хабарламаларға жауап беріп, олардың ақшасы мен шаруашылығын басқарған. Осылайша отбасы тірі деген әсер қалдыруға тырысқан. Кейін ол Қазақстаннан кетіп, Индонезияда ұсталып, елге экстрадицияланған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары