Астанада полиция жаппай демалыс орындарындағы қоғамдық тәртіпті қадағалауда, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жаз мезгілінде елорда тұрғындары мен қонақтары коммуналдық жағажайлар мен басқа да жаппай демалыс орындарында уақыттарын белсенді өткізуде.
Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесуге бағытталған профилактикалық іс-шараларды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Соңғы уақытта Көктал ауданындағы коммуналдық жағажайда алкогольдік ішімдіктерді тұтыну деректері жиілеген. Мұндай заң бұзушылықтар қолданыстағы заңнама талаптарына қайшы келіп қана қоймай, айналадағы адамдарға қолайсыз жағдай туғызады.
Полиция қызметкерлері аумақты бейнебақылау камераларының көмегімен қоса алғанда, тұрақты бақылауда ұстайды. Анықталған барлық құқық бұзушылықтар тіркеліп, құқық бұзушыларға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.
Мәселен, қоғамдық орында алкогольдік ішімдік ішкені үшін полиция қызметкерлері 55 жастағы ер адамды анықтап, әкімшілік жауаптылыққа тартты.
Жыл басынан бері елордада алкогольдік ішімдіктерді қоғамдық орындарда тұтынғаны және қоғамдық орындарға мас күйінде келгені үшін 9 мыңнан астам азамат заңда белгіленген жауапкершілікке тартылды.
Полиция қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді тұтыну әкімшілік құқық бұзушылық болып табылатынын еске салады.
Елорда тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық тәртіпті сақтауға, айналасындағыларды құрметтеуге және жайлы әрі қауіпсіз демалыс әр адамның жауапкершілігіне байланысты екенін есте ұстауға шақырамыз.
Еске сала кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидаты — Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде жүзеге асырылып жатқан, заңның үстемдігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қағидат.