Астанада мас күйде көлік тізгіндеген 18 жүргізуші ұсталды

/
Астанада мас күйде көлік тізгіндеген 18 жүргізуші ұсталды
polisia.kz

Демалыс күндері елордалық полиция күшейтілген режимде қызмет атқарды. Жедел-профилактикалық іс-шаралар аясында мас күйде көлік басқаратын жүргізушілерді анықтауға ерекше назар аударылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Үш күндік рейд барысында полиция қызметкерлері көлікті алкогольдік масаң күйде басқарудың 18 дерегін анықтады. Әрбір құқық бұзушыға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды.

Мас күйде көлік басқарғаны үшін жүргізушіге әкімшілік қамаққа алу және көлік құралын басқару құқығынан 7 жыл мерзімге айыру жазасы қарастырылған.

Ұсталғандардың арасында бұған дейін көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілер де болды.

Мәселен, Иманов көшесінде полиция қызметкерлері 46 жастағы ер адамның басқаруындағы Kia K5 автокөлігін тоқтатты. Құдайбердіұлы көшесінде Hyundai автокөлігін басқарған 35 жастағы жүргізуші ұсталды. Сондай-ақ Мұқанов көшесінде полицейлер 35 жастағы ер адамның басқаруындағы Audi автокөлігін тоқтатты. Үш жағдайда да медициналық куәландыру жүргізушілердің алкогольдік масаң күйде болғанын растады.

Құқық бұзушылар уақытша ұстау изоляторына қамалып, автокөліктері коммуналдық айып тұрағына қойылды. Тексеру барысында аталған үш жүргізушінің де бұған дейін сот шешімімен көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны анықталды. Әрбір дерек бойынша көлік жүргізу құқығынан айырылған адамның алкогольдік масаң күйде көлік басқару фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары