Маңғыстау облысының боксшысы Бахтияр Исаев Қостанайда өткен жастар арасындағы халықаралық турнирде чемпион атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Орал және Құрған Айтеновтерді еске алуға арналған жастар арасындағы халықаралық бокс турнирі 2–6 шілде аралығында Қостанай қаласында өтті.
Дүбірлі додаға Өзбекстан, Беларусь, Тәжікстан, Қырғызстан, Германия, Ирак, Ресей және Қазақстанның өңірлерінен келген 150 боксшы қатысты.
Жарыста Маңғыстау облыстық бокс федерациясының өкілі Бахтияр Исаев 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сәтті өнер көрсетті.
Финалда ол Беларусь боксшысын жеңіп, турнирдің алтын медалін жеңіп алды.
Маңғыстау облыстық бокс федерациясы спортшы мен оның жаттықтырушыларын жеңісімен құттықтап, алдағы жарыстарда табыс тіледі.
Сондай-ақ турнирдің бас төрешісі халықаралық санаттағы IBA Gold Free Star дәрежесінің иегері, World Boxing төрешісі және Қазақстанның төрешілер комиссиясының мүшесі, маңғыстаулық Руслан Бибуев болғаны атап өтілді. Федерацияның мәліметінше, оның осындай беделді халықаралық жарысқа тағайындалуы кәсіби біліктілігінің жоғары бағаланғанын көрсетеді.