Алматыда дәрігерлер науқастың ішінен 10 келі ісікті алып тастады (ФОТО)

/
Алматыда дәрігерлер науқастың ішінен 10 келі ісікті алып тастады (ФОТО)
istockphoto.com

Алматы онкологиялық орталығында дәрігерлер аналық без обырына шалдыққан науқасқа күрделі ота жасап, сәтті аяқтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Науқас ауруханаға салмағы 10 келіден асатын алып аналық без ісігімен түсті. Сонымен қатар, оның құрсақ қуысында шамамен 6 литр сұйықтық (асцит) жиналған. Ісік несепағарларды және көршілес ағзаларды қысып тұрған.

Шамамен үш сағатқа созылған операцияны Алматы онкологиялық орталығы директорының орынбасары, онкогинеколог Райхан Болатбекованың жетекшілігімен мультидисциплинарлық команда жүргізді. Ота барысында дәрігерлер ісікті алып тастап, құрсақ қуысындағы сұйықтықты шығарды, сондай-ақ жатырды, аналық бездерді, жатыр түтіктерін және үлкен шарбыны алып тастау операциясын орындады.

Райхан Болатбекованың айтуынша, ендігі кезеңде науқасқа химиотерапия курсы жүргізіледі.

Алматы онкологиялық орталығында мұндай күрделі операциялар хирургтердің жоғары кәсіби біліктілігін және бүкіл медициналық команданың үйлесімді жұмысын талап ететінін атап өтті. Өткен жылы мұнда алып кистаға шалдыққан тағы бір науқасқа да сәтті операция жасалып, оның құрсақ қуысынан шамамен 45 литр сұйықтық шығарылған болатын.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары