Ақтөбеде күрес спортына арналған заманауи орталық ашылды

/
Ақтөбеде күрес спортына арналған заманауи орталық ашылды
Ақтөбе облысы әкімдігі

Ақтөбеде құрылысы ұзаққа созылған нысандардың бірі – грек-рим, еркін және әйелдер күресіне арналған жаңа спорт орталығы пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай салынған кешенде күніне 1000-ға тарта спортшы жаттыға алады. Жаңа нысан өңірдегі күрес спортын дамытуға және болашақ чемпиондарды даярлауға тың серпін береді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Спорт орталығы бұрынғы «Динамо» спорт кешенінің орнына салынды. Ескі ғимарат толық сүріліп, құрылыс жұмыстары 2023 жылдың жазында басталған-ды. Жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 790 миллион теңге бөлінді.

Жаңа орталық халықаралық талаптарға сай жабдықталған. Мұнда күрес залдары, жалпы дене шынықтыруға арналған зал, спортшылардың қалпына келуіне арналған массаж кабинеті және қажетті инфрақұрылым қарастырылған.

Салтанатты ашылу рәсімінде Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров жаңа нысанның өңір спорты үшін атқарар рөлі зор екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыру және қолжетімді спорт инфрақұрылымын кеңейту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін үнемі айтып келеді. Өңірде бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жаңа ғимарат сол жұмыстардың нәтижесі. Ғимаратты салудағы басты мақсатымыз – тек чемпион тәрбиелеу емес, ең маңыздысы – дені сау, тәртіпті, қайсар әрі елін сүйетін ұрпақ өсіру. Өйткені спорт адамды жеңіске ғана емес, жауапкершілікке, еңбекқорлыққа және мінездің беріктігіне тәрбиелейді. Балаларға да, жаттықтырушыларға да барлық қолайлы жағдай жасалды. Ақтөбе – грек-рим күресінің мықты мектебі қалыптасқан өңір. Бұл орталық сол дәстүрді жалғастырып, жаңа чемпиондардың шығуына мүмкіндік береді. Алдағы уақытта облысымыздан тағы да Олимпиада чемпиондары тәрбиеленетініне сенімдімін», – деді облыс әкімі.

Шарада Қазақстанның күрес федерациясының президенті Еркін Оқасов сөз алып, спортшыларды тарихи сәтпен құттықтады. Федерация атынан спорт орталығына заманауи күрес кілемдерін, жаттығатын және басқа да қажетті спорттық құрал-жабдықтарды сыйға тартты.

Зәулім спорт кешенінің мүмкіндіктеріне жаттықтырушылар мен жас спортшылар жоғары бағасын беріп отыр. Әйелдер еркін күресінің жаттықтырушысы Ақманар Сарғынжиева жаңа орталықтың жас балуандардың ынтасын арттыра түсетінін айтты.

«Жаңа ғимараттың жағдайы өте жақсы. Жарық, кең әрі заманауи. Мұндай орта балаларға үлкен мотивация береді. Қыздарымыздың арасында Қазақстан чемпиондары мен жүлдегерлері бар. Әйелдер күресіне қызығушылық жыл сайын артып келеді», – деді ол.

Бүгінде Ақтөбе облысында грек-рим, еркін және әйелдер күресі бойынша 700-ден астам секция жұмыс істейді. Онда 14 мыңнан астам спортшы тұрақты түрде жаттығады.

Өңір балуандары республикалық, құрлықтық және әлемдік деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Ақтөбе күрес мектебінің мақтаныштары қатарында Олимпиада ойындарының қатысушылары Мейрамбек Айнағұлов пен Мейрамбек Қартбай, әлем чемпионы Қуанышбек Жаңажол, Азия чемпиондары мен халықаралық жарыстардың жүлдегерлері Алмас Әли, Арсен Жұма, Бейбарыс Түзелбай сынды спортшылар бар.

2026 жылдың өзінде облыс балуандары ел чемпионаттарында жоғары нәтиже көрсетіп, грек-рим күресінен 6 алтын, 4 күміс, 7 қола, еркін күрестен 1 алтын, 3 күміс, 2 қола, ал әйелдер күресінен 2 алтын және 3 қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар грек-рим күресінен ересектер арасындағы Қазақстан Кубогінде командалық есепте жеңімпаз атанды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары