Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бес сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Соттың мәліметінше, 2018 жылдың тамыз айынан бастап 2025 жылғы 31 қаңтар аралығында «Оңтүстік Қазақстан Гуманитарлы-қаржы колледжі» ЖШС мен «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» ЖШС-нің құрылтайшысы сотталушы Д. өзінің құдағиы және директор болып келетін Е.-мен, сонымен бірге есепшілер Д.Г. мен С. және кадр бөлімінің басшысы М.-мен бірлесіп бюджет қаражатын жымқырған.
Атап айтқанда, «Оңтүстік Қазақстан Гуманитарлы-қаржы колледжі» ЖШС-гі іс жүзінде білім беру қызметін жүзеге асырмаған, ал «Оңтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжі» ЖШС-де ақылы негізде оқитын студенттер жалған бұйрықтардың негізінде мемлекеттік білім беру тапсырмасы бойынша оқитын студенттер ретінде заңсыз есепке алынған.
Қылмыстық ниетті жүзеге асыру мақсатында жалған құжаттар рәсімделіп, орындалған жұмыстар актілеріне қол қойылып және Ұлттық білім беру деректер базасына көрінеу жалған мәліметтер енгізілген. Нәтижесінде мемлекетке жалпы сомасы 1 351 527 344 теңге көлемінде материалдық залал келтірілген.
Сот, Д.-ны кінәлі деп танып, оның мүлкін тәркілеп, түпкілікті білім беру саласындағы басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 10 жыл мерзімге айыра отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Д.-ның іс-әрекетінде қылмыстардың қайталануы танылды.
М.-ға білім беру саласындағы басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 5 жыл мерзімге айыра отырып, 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Д.Г.-ға бухгалтер лауазымдарын атқару құқығынан 5 жыл мерзімге айырып, ҚК-нің 55-бабы 4-бөлігінің негізінде түпкілікті 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
С.-ға бухгалтер лауазымдарын атқару құқығынан 5 жыл мерзімге айырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Е.-ға білім беру саласындағы басшылық лауазымдарды атқару құқығынан 8 жыл мерзімге айыра отырып, 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.