Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұйымдасқан қылмыстық топты (әрі қарай - ҰҚТ) құрған, басшылық жасаған және оған қатысқан, ҰҚТ жасаған психотроптық заттарды ірі мөлшерде өткізу мақсатында заңсыз иемденген, сақтаған деп айыпталған 3 адам - Р., С. және К.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сотталушы Р. 2024 жылы Алматы қаласы мен Тараз қаласындағы дәріханаларды пайдалана отырып, өткізу мақсатында «Трамадол» психотроптық затын ірі мөлшерде сақтаған тұрақты ҰҚТ құрған.
Сотталушы С. жүйелі түрде жоғарыда аталған психотроптық заттарды Алматы қаласынан Тараз қаласына жеткізген, ал сотталушылар Р. және К. оларды Тараздағы дәріханада өткізу мақсатында сақтаған. Дәріханаларды тінту барысында екі қалада «Трамадол» психотроптық заты бар 90-нан астам пластикалық флакон табылған.
Сотталушылар кінәні мойындамады.
Сот үкімімен Р. кінәлі деп танылып, оған түпкілікті 17 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
С. және К.-ға 15 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды тағайындады.