Елімізде шілде айының алғашқы жексенбісінде Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтеді. Осыған орай Астана қаласы Білім басқармасының Әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен музыка пәні мұғалімдері мен оқушыларының қатысуымен «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» атты республикалық челлендж бастау алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аталған челлендждің негізгі мақсаты – қазақ халқының ұлттық өнерін дәріптеу, күй өнерін кеңінен насихаттау, сондай-ақ өскелең ұрпақтың домбыраға деген қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарға деген құрметін қалыптастыру.
Игі бастама аясында елордалық білім беру ұйымдарының оқушылары мен ұстаздары қазақтың қасиетті қара домбырасымен күйлер орындап, ұлттық өнерді ұлықтауға өз үлестерін қосуда. Челлендж қатысушылары әлеуметтік желілер арқылы өнер көрсетіп, өңірлерді эстафетаны жалғастыруға шақырады.
Республикалық челленджді алғашқылардың бірі болып Алматы облысының білім беру ұйымдары қолдап, эстафетаны қабыл алды. Қазіргі таңда бастама Түркістан облысы мен Шымкент қаласында жалғасып, ұлттық өнерді насихаттау ісіне еліміздің өзге өңірлері де белсенді түрде атсалысып отыр.
Ұлттық домбыра күніне арналған бұл игі бастама өскелең ұрпақтың бойына ұлттық рухты сіңіріп, мәдени мұрамызды дәріптеуге бағытталған маңызды шаралардың бірі саналады.
Астанада оқушылар Домбыра күніне орай республикалық челлендж бастады