"Ақ жігітім шоколад болды": Қарақат Әбілдина күйеуі туралы ерекше жазба жариялады (ФОТО)

/
"Ақ жігітім шоколад болды": Қарақат Әбілдина күйеуі туралы ерекше жазба жариялады (ФОТО)
SN.kz коллажы

Танымал әнші Қарақат Әбілдина әлеуметтік желідегі парақшасында жарына деген сезімі туралы әсерлі жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өнер иесі жылдар өтсе де, жұбайына деген махаббаты мен құрметі өзгермегенін айтты. Ол жаңа әніне жылы пікір білдірген оқырмандарына алғыс айтып, сезімді сақтау екі адамның ортақ еңбегі екенін жеткізді.

"Сезімімді міне, 30 жылға жуық мөлдір күйінде сақтап келе жатқан ақ жігітімді шоколад қылып алдарыңызға алып шықтым. Жаңа әніме жылы лебіз білдіріп, жақсы пікір қалдырған әрқайсыңызға алғысымыз шексіз!" – деп жазды әнші.

Қарақат Әбілдина сезімді аялап, уақыт сынынан алып өту үшін екі жүректің де бірдей ықыласы қажет екенін атап өтті.

"Иә, сезімді сақтай білу де, аялай білу де – үлкен өнер. Бірақ ол ешқашан бір адамның ғана еңбегімен болмайды. Екі жүрек бірдей ықылас танытып, бір-бірін түсініп, құрметтеп, бағалай білгенде ғана сезім уақыттың сынынан сүрінбей өтеді", – деді өнер иесі.

Жазба соңында әнші оқырмандарына жүректеріндегі мөлдір сезім ешқашан солмасын деген тілегін білдірді.

Желі қолданушылары Қарақат Әбілдинаның жазбасына жылы пікір қалдырып, өнердегі жұпқа ұзақ ғұмыр, бақыт, береке және шығармашылық табыс тіледі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар