Астана – Тәуелсіздіктің айқын символы

/
Астана – Тәуелсіздіктің айқын символы
istockphoto.com

Астана күні Тәуелсіздік тарихымен, Егемендік жылнамасымен үндес маңызды мерекелік күндердің бірі. Ұлттық бірлік пен бірегейлікті айшықтаған күн тек астаналықтар үшін ғана маңызды емес, жалпы қазақстандықтар мен шетелдік туристер үшін қызыға қарайтын дата.

Өкінішке қарай, еліміздегі көп қалалардың тарихын отарлық замандағы бекіністерден бастап, олардың ғұмырын көп болса 150-160 жылдық уақытпен шектеу үрдісі бар. Мәселен, «Қазақстан қалалары» деп ізденсеңіз, уикипедиядан бастап басқа да ашық дерек көздері кеңестік заманнан қалған үрдіс – қала тарихын аты мен заты жоқ бекіністерден бастайды. Ал сонда ұланғайыр қазақ даласында бекіністерге дейін қала болмаған деген уәжге кім сенеді? Арыға бармай, тарихты беріден бастасақ та, Алтын орда дәуірінде ұланғайыр Еуразия аумағында 150-ден аса қала болғанын білеміз. Бұл тұрғыдан қазақ даласында орналасқан қалалар маңызды сауда және мәдени орталықтар қызметін атқарған. Қазақстан аумағындағы Ақ орда мен Көк Орданың астаналары, экономикалық маңызды қалаларында өмір қайнап, маңызды шешімдер қабылданып жатқан. Сондықтан ақпараттық-идеологиялық тұрғыдан көне қалалардың тарихына мән беріп, ел ішінде насихаттаған жөн. Түптеп келгенде, қазақтың мемлекеттілік тарихы көне заманнан бастау алады.

ЮНЕСКО көлемінде аталып өткен Алтын орда тарихына байланысты халықаралық симпозиумда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

Қазақстанда саясаттың пайдасы үшін көшпелі халықтарды жабайы, бей-берекет, тарих шеңберінен тыс күш ретінде көрсетіп, қуатты дала империяларын «мемлекет деңгейіне жете алмаған» деп төмендететін ескі догмалар мен қасаң көзқарастарды қайта қарау үдерісі басталып кетті. Бұл ретте біз шынайы тарихнаманы қалпына келтіре отырып, өткенді әсірелеуден аулақпыз. Тарих өзіне тәнті болған жалған әрекеттерді, ортақ мұраны жекелеген халықтың қанжығасына байлап беруді кешірмейді, деп мәлімдеді. Бұл орайда қазақ тарихын беріден емес, әріден бастау тарихи әділеттілік.  

Астананың қақ төрінен ойып тұрып орын алған Алматы, Ақмешіт, Орынбор, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Сарайшық қалалары – Алтын Орда, Ақ орда мен Қазақ хандығы, Қазақстанның тарихи астаналары, ірі сауда және әкімшілік орталықтары. Тарихи үндестік өткенге құрмет пен болашаққа нық сенімді айқындайды. Қазақ хандығы құрылған 561 жылдан арғы тарихқа сүйенсек, Алтын Ордамен үндес, сабақтас 800 жылға таяу тарихымыз менмұндалап тұрады. Мемлекет болмады деу – тарихты білмеу, өткенге атүсті қараудың белгісі. Бірақ дәл осындай тарихи бұрмалаушылыққа жол жоқ, өткенге құрметпен қарамайтын адамдар бүгіні мен ертеңінен де оңай қол үзеді. Содан болар, атам заманнан қазақ халқы тарихқа құрметпен қарайды.

Тарихи сананы жаңғыртып, «біз кімбіз» деген сауалға жауап беру әлі де өзекті. Бұл бағытта мемлекеттің қолға алып жатқан шаралары ел боп қолдауға лайық. Археологтар Алматының 2500 жылдық, Түркістанның 3000 жылдық тарихы бар деп таң қаларлық жаңалықтарымен бөлісіп тұрған тұста ашық дерек көздерінде әр қала тарихын бекіністен бастау ойға қонымсыз. Себебі бұл аймақта бекіністерге дейін де өмір болған. Алтын Орда мұрагері ретінде тарихи әділдікті қалпына келтіру уақыт күттірмейтін мәселе.  

Ұлы мемлекеттер тарихын түгендейді. Бізбен бауырлас Түркия өздерін тарихтағы «16 империяның мұрагеріміз» деп санайды. Оның ішінде Осман империясына дейін біздің аймақта болған ғұндар, Түркі қағанаты, Қараханидтер, Алтын орда, т.б. империялар бар. Стамбұл, Константинопольді 3-4 империяның астанасы деп біледі. Бұл орайда Түркия талай империяның астанасы болған Стамбұлдан Анкараға ауысып, жаңа дәуірдің парағын ашты. Ал қазақ үшін Астананың тарихы зор. Қазақ хандығы заманында Абылай ханның Түркістан мен Көкшетау өңірінде хан боп көтерілгені ел жадында. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының ескерткішінің Астананың қақ төрінде, Есілдің жағасында тұрғаны да тектен-тек емес. Тәуелсіздік үшін күресіп, ғасырлар бойғы мемлекеттілікті қайта қалпына келтірмек болған ұлы тұлға 1838 жылы Ақмол бекінісіне дейін жорыққа шыққан деседі.

Астанада Ұлттық мұражайдан бөлек, заманауи, салалық мұражайлар жетерлік. Оның ішінде Алаш қайраткері Сәкен Сейфуллиннің мұражайы өткен ғасырдың көне ғимаратында орналасқан. Онда оқушылар мен студенттерге ашық сабақтар мен семинарлар өткізіліп тұрады. Небір тарихи кезеңдер Астананың көшелерінде, әрбір тасында менмұндалап тұр. Сондықтан Астана – ежелден өз тарихы бар қала.

Қазір Астана заманауи қалаға айналды. Мемлекет басшысының пәрменімен жерүсті метро – Тарланның қосылуы тек астаналықтардың ғана емес, қала қонақтары мен шетелдік туристердің көзайымына айналды. Әуежай мен теміржол вокзалын жалғап тұрған жеңіл рельсті көлік қаланы басқа қырынан тануға мүмкіндік береді.

Елорданың халықаралық беделі де жыл өткен сайын артып келеді. Кезінде ЮНЕСКО шешімімен Астана «Бейбітшілік қаласы» атанды. Әлем елдерінің назарын аударған ЕҚЫҰ саммиті, ЭКСПО халықаралық көрмесі Астанада жоғары деңгейде өтті. Бұдан бөлек Діндер съезі де өз деңгейінде ұйымдастырылып келеді.

Астана халқы жыл өткен сайын өсіп жатыр. Егер 1998 жылы қалада 326 000 адам тұрса, қазір тұрғындар саны 1,6 млн адамнан асқан. Сарапшылардың пікіріне сенсек, 2030 жылға қарай астаналықтардың саны 2 млн адамға жетеді. Бұл ретте елорданы дамыту жоспарында «адам қала үшін емес, қала адам үшін» қағидаты басшылыққа алынады.

Қазіргі таңда Астана қарқынды дамып, ел жаңаруы мен жаңғыруының өзіндік символына айналған. Астанадан бастау алатын жаңашылдықтар еліміздің түкпір-түкпіріндегі қалалардың да дамуына серпін берсе игі.

 

Кәмшат ТАСБОЛАТ,

Қазақстан Республикасы Президенттік орталығының

жетекші ғылыми қызметкері

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар