Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі 2026 жылдың маусым айында мемлекеттік шекараны күзету барысында 5 281 заң бұзушыны ұстады. Оның 4 493-і – шетел азаматтары, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ведомство мәліметінше, құзырлы органдармен бірлесіп, жалпы құны 4,3 млрд теңгені құрайтын тауарлар мен жүктерді шекара арқылы заңсыз өткізудің 1 476 дерегінің жолы кесілді.
Атап айтқанда, 32 есірткі тасымалдау, 66 қару мен оқ-дәрі өткізу, 708 жанар-жағармай материалдарын заңсыз әкету, 489 халық тұтынатын тауарларды заңсыз тасымалдау және 181 шетел валютасын алып өту фактісі анықталды.
Каспий теңізі акваториясында браконьерліктің 27 дерегі тоқтатылды. Нәтижесінде ұзындығы 24,7 шақырым браконьерлік ау мен 94 дана (658 келі) бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Алдын алынған экологиялық шығын 285 млн теңгеден асты.
Шекара қызметі өз құзыреті шеңберінде 50 қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар 3 526 әкімшілік іс бойынша 36 млн теңгеден астам айыппұл салынды.
Қалған материалдар процестік шешім қабылдау үшін құқық қорғау және сот органдарына жолданды.