Биыл 1,7 трлн теңгеге 200 инвестициялық жоба жүзеге асырылады – Министр

/
Биыл 1,7 трлн теңгеге 200 инвестициялық жоба жүзеге асырылады – Министр
Үкімет

Президенттің экономиканың нақты секторын дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде Қазақстанда өнеркәсіптік нысандарды іске қосу және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібінің өсуі 9%-ды құрады. Ол негізінен жаңа өндірістік қуаттарды енгізу арқылы қамтамасыз етілген. Осы жылы құны 1,7 трлн теңге болатын 200 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, оның ішінде 252 млрд теңгеге 74 жоба іске қосылды. Машина жасау саласында отандық өндірушілерді қолдау және өнеркәсіптік кластерлер институтын енгізу үшін нормативтік база жетілдірілуде.

Сондай-ақ инвесторлар үшін «бірыңғай терезе» қағидатын енгізу қарастырылған АЭА-ның жаңа моделі әзірленді. Құрылыс секторында 5 айда жұмыс көлемі 13,4%-ға, яғни 2,4 трлн теңгеге дейін өсті, ал тұрғын үйді пайдалануға берудің жылдық жоспары 20 млн шаршы метрді құрайды. Сонымен қатар, 1 шілдеден бастап жаңа Құрылыс кодексінің нормалары күшіне енеді.

Коммуналдық салада негізгі бағыт – «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы. Онда 2030 жылға дейін 1 трлн теңгеден астам сомаға 5 мың шақырым су құбыры желілерін және 2,8 мың шақырым су бұру желілерін жаңарту, сондай-ақ 800 млрд теңгеге 45 кәріз тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау көзделген.

«Ұлттық жобаны жүзеге асыру 2030 жылға қарай сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейін 33%-ға, ал су бұру желілерінің тозу деңгейін 41%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді», — деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар