Атыраудағы атышулы іс: сотта Сәрсемалиевке қатысты жаңа деректер айтылды

/
Атыраудағы атышулы іс: сотта Сәрсемалиевке қатысты жаңа деректер айтылды
azh.kz

Атырауда бір отбасының төрт мүшесін өлтіру ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бүгінгі отырыста мемлекеттік айыптаушы Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты өзгертілген айыптау актісін оқып берді, деп turkystan.kz тілшісі "Астана" телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Сотта айтылған мәліметке сәйкес, қылмыстық іске дейін Сәрсемалиев пен бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның арасында отбасылық жанжал болған. Айыптау тарапының сөзінше, 2022 жылы Ақбаян күйеуінің өзге әйелмен қарым-қатынаста болғанын біліп, әкесі Мақсот Қарабалинді шақырған. Кейін балаларын алып, ажырасуға арыз берген.

Мемлекеттік айыптаушы Майра Ержанованың айтуынша, осы жағдайдан кейін Сәрсемалиевтің бұрынғы қайын жұртына деген ашуы пайда болған.

"Араларында туындаған опасыздық, келіспеушілік салдарынан Мұқанғалиева Махамбет аудандық сотына заңды түрде арыз беріп, 2022 жылы Махамбет аудандық сотының шешімімен Сәрсемалиев пен Мұқанғалиева арасындағы заңды неке бұзылған. Сол кезден бастап Мұқанғалиеваның ата-анасы Қарабалин мен Өтешқалиеваға Сәрсемалиевтің ашуы пайда болған", – деді мемлекеттік айыптаушы.

Сотта 2022 жылғы ажырасу туралы шешім де оқылды. Судья Зарема Хамидуллинаның айтуынша, сол кезде Ақбаян Мұқанғалиева күйеуіне деген сезімі қалмағанын, оның опасыздығын қабылдай алмайтынын және онымен отбасы болып тұруды қаламайтынын көрсеткен.

Сот материалдарында Сәрсемалиевтің де некені бұзуға қарсы болмағаны айтылды. Ол сол кездегі сот отырысына қашықтан қатысып, әйелінің болған жағдайды туыстарына айтқанына реніш білдірген.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Шынар Нұрмұратқызы Махамбет аудандық сотының 2022 жылғы шешімін қылмыстық іс материалдарына тіркеуді сұрады. Оның айтуынша, бұл құжат Ақбаян Мұқанғалиеваның сол кезде ақыл-есі дұрыс болғанын және ажырасуға өз еркімен арыз бергенін дәлелдеу үшін қажет.

"Сот процесінде мойындаған жоқ. Алайда айыптау актісі жарияланып, осы Сәрсемалиевтің іс-әрекетінің барлығы опасыздық жасауынан басталып отыр ғой. Сондықтан бүгінгі таңда сот процесіне Махамбет аудандық сотының 2022 жылғы шешімін сұратқан болатынбыз және оны іс материалдарына тіркеуді сұрадық", – деді адвокат.

Жаңа айыптау актісінде бірнеше өзгеріс бар. Айыптау тарапының нұсқасына сәйкес, Сәрсемалиев бұрынғы қайын атасы Мақсот Қарабалин мен қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваға қатысты қылмысқа бұрын жасалған қылмысты, яғни Наурыз Мұқанғалиевтің өлімін жасыру мақсатында барған болуы мүмкін.

Сондай-ақ айыптау актісіне “мал ұрлығы” және “интернет алаяқтық” баптары қосылды. Іс бойынша сот отырыстары жалғасып жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар