Актриса, продюсер, режиссер, "Дарын" мемлекеттік сыйлығының және "Тарлан" сыйлығының лауреаты Назгүл Қарабалина жеке өміріне қатысты сырын ашты. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы отбасына байланысты орынсыз сұрақ қоятын адамдарға ренішін білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өнер иесінің айтуынша, кейбір адамдар оның неге бір баламен шектелгенін сұрайды. Актриса мұндай сауалдың адам жанына ауыр тиетінін жеткізді.
"Маған неге бір баладан артық тумадың деп сұрақ қоятындарды қандай адам деп айтсам екен? Оны надандық дейміз бе, білімсіздік дейміз бе, одан жоғарылатып айту қиын сияқты. Құдай солай берді, оған қарсы келе аламыз ба? Ұлымыз өсіп келе жатыр, оған шүкіршілік дейміз. Маған жақын адамдар жеке сұрақ қоймайды, бірақ алыстау адамдар мен туралы бәрін білгісі келеді", – деді Назгүл Қарабалина.
Сонымен қатар актриса жұбайы Азаматқа алғаш өзі ғашық болғанын жасырмады. Оның сөзінше, өнер академиясында оқып жүрген кезде Азамат оған бірден көңіл аудармаған.
"Шыны керек, академияда оқып жүргенде Азамат мені онша ұнатқан емес. Азаматқа алғаш ғашық болған мен болатынмын. Жасыратын ештеңесі жоқ. Азаматтың маған көңілі ауса екен, көрсе екен, байқаса екен деген сәттер болды", – деді ол.
Назгүл Қарабалина сол кезде Азаматқа арнап альбом жасағанын айтты. Онда ол болашақта Азаматпен қосылуды армандап, оның отбасымен жақсы қарым-қатынаста болуды тілеген.
"Азамат ол кезде басқа қызды ұнатып жүретін. Мен альбомыма "О, Алла Тағала! Егер де Азамат маған назар аударса, біз екеуіміз үйленсек, оның зейнеткер ата-анасына қарайтын едім. Оның көпбалалы жанұядан екенін білемін. Тоғыз ағайынымен жақсы қарым-қатынаста боламын. Маған тек қана екеуіміздің қосылуымызды нәсіп етші" деп жазатынмын", – деді актриса.
Өнер иесінің айтуынша, бір күні Азамат сол жазбаны оқып қойған. Осыдан кейін оның актрисаға деген көзқарасы өзгерген болуы мүмкін.
"Соны бір күні Азамат оқып қойыпты. Содан кейін ойланған болу керек. Ондай адам керек қой. Ол тек есеппен үйленді. Менің сезімім шынайы болды. Басында есеппен үйленді, қазір енді жақсы көреді", – деді Назгүл Қарабалина.
Актриса күйеуінің махаббатынан бөлек, қайын жұртының мейірімін ерекше бағалайтынын айтты. Әсіресе қайын атасының өзін жақсы көргені ол үшін үлкен бақыт болған.
"Азаматтың сезімінен ең қымбаты – менің атамның мені жақсы көргені. Қайын атам былтыр 90 жасқа келіп, өмірден өтті. Пешенеме сондай адамға келін болуды жазғанына шүкіршілігімді айтамын. Ол абыз адам еді. Азаматтың сүйіспеншілігінен де қымбаты – атамның, қазір қолымда отырған енемнің сүйіспеншілігі", – деді Назгүл Қарабалина.