Сұлтан Сәрсемәлиевке тағы бірнеше айып тағылды

/
Сұлтан Сәрсемәлиевке тағы бірнеше айып тағылды
Ғаламтор

Тергеу Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесін өлтірді деп айыпталып отырған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты қылмыстық іс бойынша бірқатар эпизод қайта сараланды. Айыптау актісінің жаңа редакциясы 30 маусым күні облыстың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ең елеулі өзгерістер бұрынғы қайын атасы Мақсот Қарабалин мен енесі Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіру ісіне қатысты болды. Тергеу нұсқасына сәйкес, олардың өлімі Наурыз Мұқанғалиевтің өлімін жасыру мақсатымен байланысты болуы мүмкін. Осыған байланысты аталған эпизодтар бойынша айып жаңа саралау белгісімен толықтырылды.

Сондай-ақ Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіру ісі бойынша да құқықтық саралау өзгертілді. Тергеудің мәліметінше, Мейрамгүл денсаулығына байланысты, мүгедектігі себепті өзін қорғай алмайтын жағдайда болған.

Бұдан бөлек, істегі өзге эпизодтардың да құқықтық бағасы қайта қаралды. Қаза тапқан туыстарының атына рәсімделген мүгедектік жәрдемақысы мен зейнетақы төлемдерін алғаны енді ақпараттық жүйені пайдалану арқылы ақша жымқыру ретінде қарастырылуда. Ал жәбірленушілердің малын сату алаяқтықтан «мал» ұрлау бабына қайта сараланды.

Сонымен қатар айыптау актісінен бұрын көрсетілген жеңілдететін мән-жайлар – кінәні мойындауы, өкінуі және сотталушының кәмелетке толмаған бес баласының болуы алынып тасталды.

Өзгерістер жарияланғаннан кейін судья Сәрсемәлиевке тағылған жаңа айыптарды түсіндірді. Сотталушы енгізілген өзгерістердің жекелеген тұстарын нақтылап сұрады.

Кейін жәбірленушілердің адвокаты Шынар Нұрмұратқызы Махамбет аудандық сотының Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның некесін бұзу туралы шешімін жариялауды сұрады. Құжатқа сәйкес, 2022 жылы әйел күйеуінің опасыздығынан кейін ажырасуға өтініш беріп, отбасын сақтап қалу мүмкін емес екенін көрсеткен. Сот оның талабын қанағаттандырған, ал Сәрсемәлиев некені бұзуға қарсылық білдірмеген.

Адвокаттың айтуынша, бұл сот шешімі қылмыстық іс материалдарына Ақбаянның ажырасу кезінде психикалық жағдайының тұрақты болғанын дәлелдеу үшін де тіркелген. Еске салсақ, кейін бесінші баласын дүниеге әкелген соң оның психикалық денсаулығында ауыр бұзылыстар пайда болған.

Келесі сот отырысы 7 шілдеге белгіленді. Онда Сәрсемәлиев өзіне тағылған жаңа айыптарды мойындайтынын, қосымша жауап беретінін немесе бұрынғы ұстанымында қалатынын мәлімдеуі тиіс.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары