Павлодар облысында жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету және берешегі бар азаматтарды заң талаптарын орындауға ынталандыру мақсатында рейдтік іс-шаралар жалғасып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Рейд барысында облыс орталығында Lexus RX 350 автокөлігі арнайы айып тұрағына қойылды. Тексеру кезінде көлік иесінің мүлкіне тыйым салынғаны және оның мемлекет алдындағы салық берешегі 41 млн 848 мың теңгеден асатыны анықталды.
Сондай-ақ Volkswagen Passat автокөлігінің иесіне қатысты да мүлкіне тыйым салу туралы қаулының орындалмағаны белгілі болды. Оның жалпы берешегі 40 млн теңгеден асады. Осыған байланысты аталған көлік те арнайы айып тұрағына жеткізілді.
– Облыс орталығында Lexus RX 350 және Volkswagen Passat автокөліктері арнайы айып тұрағына қойылды. Бұл көліктердің иелерінің мемлекет алдындағы ірі көлемдегі берешектері бар. Олар барлық қарыздарын толық өтегеннен кейін ғана көлік құралдарын қайта пайдалана алады, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Жандос Мейрамғазы.
Полиция азаматтарды жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, сондай-ақ әкімшілік айыппұлдар мен өзге де міндетті төлемдер бойынша берешектерін уақытылы өтеуге шақырады. Бұл мүлікке шектеу қойылуы мен көлік құралдарының арнайы айып тұрағына қойылуы сияқты құқықтық салдардың алдын алуға мүмкіндік береді.