599
Атырауды бөлісе алмаған бестік
Атырауды бөлісе алмаған бестік
Таяуда Астанада Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі біржола шешілуі мүмкін. Каспий бестігінің өзара бөлісе алмай келген қайраңы мен жағалауы жиырма жылдан кейін шешімін таппақ. Осыған дейін Каспий маңы елдерінің төрт саммиті өтті. Алғашқысы 2002 жылы – Ашхабадта, 2007 жылы – Тегеранда, 2010 жылы – Бакуде, 2014 жылы – Астраханьда мемлекет басшылары Каспийдің шекаралық мәртебесін талқылаған болатын. Сондай-ақ Каспийдің экологиясы мен қауіпсіздігіне қатысты құжаттар қабылданды.
Айталық, 2003 жылы жағалаудағы бес мемлекет – Қазақстан, Әзірбайжан, Ресей, Иран, Түркіменстан арасында теңіз ортасын қорғау жөніндегі конвенция қабылданды. Оған сәйкес, тараптар теңізді ластамай, бақылау жөнінде бірлесіп шара қолданады, сондай-ақ теңіз ресурстарын ортаға зиянсыз мөлшерде пайдаланып, халықаралық құзіретті органдармен бірлесе жұмыс жасауы тиіс болатын. Сол жылы Қазақстан, Ресей мен Әзірбайжан теңіз қайраңын бірлесе пайдалану бойынша өзара протокол қабылдады. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтау бойынша атқарылған жұмыстар аз емес.
Негізінен теңіздің құқықтық мәртебесі сонау 1992 жылдан бері анықталмай келеді. Себебі Кеңес Одағы ыдырап, Каспийдің жағалауында бұрынғыдай екі мемлекет емес, бес мемлекет пайда болды. Әрқайсысының да теңіз ресурстары, теңіз қайраңы мен теңіз логистикасын пайдалануға құқығы бар. Осы мәселенің басын ашуды мақсат еткен алғашқы кездесу 2002 жылы сол кездегі Түркіменстан президенті Сапармұрат Ниязовтың ұйымдастыруымен өткізілген еді. Алайда бұл кездесуде тараптардың бөлісетін ресурстары көп болғандықтан, құқықтық мәртебені айқындау кейінге ысырыла берді. Оған себеп, Иранның талаптарының көп болуы. Бұдан кейін Түркіменстан тарапы да өз талабын қойып, өзге елдің ұсыныстарымен келіспейтінін жасырмады. Әзірбайжанның «Echo.az» басылымы Каспий мәртебесі жөнінде жиі мәселе көтереді. Теңіз құқығы бойынша сарапшысы Рустам Мамедовтың пікірінше, Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтауда осы екі мемлекет ылғи қарама-қайшы келетін. «Қазір мемлекеттер өз позияцияларын анықтады, не қалайтындарын ұқты, сондай-ақ геосаяси жағдай да өзгерді. Каспий маңы елдері кімнің дос, кімнің жау екенін ажыратты. Ал осыдан жиырма жыл бұрын өзара түсінбеушілік пен сенімсіздік болатын», – деді ол.
Таяуда Мәскеуде «Каспий диалогы - 2017» халықаралық экономикалық форумы өтті. Форумға энергетика, табиғи ресурстар, туризм министрлерімен қатар, Ресей, Әзірбайжан, Иран, Түркіменстан, Қазақстан, Венгрия, Тәжікстан сарапшылары қатысты. Күн тәртібінде көмірсутегі мен минералды шикізатты шетелдік нарыққа шығару, экология мәселесінде бірлесе қимылдау мен инфрақұрылым, машина жасау мәселелері талқыланды. Каспий мәселесі бойынша сарапшы, «Южный Кавказ» саяси клубының жетекшісі Ильгар Велизаденің айтуынша, ақтық шешім қабылдау үшін Қазақстанның таңдалуы – орынды. Бұған дейін еліміз бестікті қабылдаған емес. Сонымен қатар, Каспийдің ең ұзын жағалауы Қазақстанның еншісінде және осыған дейін Қазақстан ғана теңіз тұңғиығын бөлісу мен табиғи байлықты игеруде өзге елдердің ұсынысына қарсылық білдірген емес. Ал түрколог-саясаттанушы Александр Сотниченко жаңа түйткілдердің пайда болғанын айтты. Оның ішінде терроризм, көмірсутек пен балық ресурстарын алу мен тасымалдау бар. «Каспийдің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы бірыңғай саяси және экономикалық кеңістік ашуға болады. Бұл барлық мемлекеттерге тиімді», – деді ол.
Ал елімізде Каспий мәселесімен маңғыстаулық CaspianBridge ақпараттық-талдамалық орталығы айналысып келеді. Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы мәселелерді талдап, сарапшылар пікірін ортаға салады. Тұңғыш президент қорының Экономика және саясат институтының координаторы Асқар Нұршаның пайымдауынша, Каспий тағдырының шешілуі экономикалық дамудың бастауы болмақ. «Көпшілік Каспий мәселесі бойынша айқын шешімді күтіп жүр. Бірақ бұл жиын кейбір мәселелерді ғана шешуі мүмкін. Осыдан үш жыл бұрынғы Астраханьдағы кездесу Батыспен қарым-қатынастың нашарлап, Украина жағдайының ушығуы тұсында болған. Күн тәртібіне қойылатын мәселелердің бірі – экстремизм мен терроризм, осы мәселеде бірлесіп қимылдау.
Биыл жазда Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Түркіменстан және Иран президенттері Астана қаласында өтетін саммитте Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қоюы мүмкін. Мұның алдында бес елдің сыртқы істер министрлері Ашхабадта кездесу өткізіп, құжатқа қол қояды. Бұл кездесуде Каспий теңізінің тұңғиығын бөлу принципі, әскери кемелердің өту тәртібі, Каспий теңізінің түбінде құбыр желісін салу, келешекте Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция талаптарын орындауға мониторинг жасау бар. «Біз Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне қатысты мәселені шешуге асықпай, бірте-бірте келе жатырмыз», – дейді Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов. Кезінде Ресей мен Иран Түркіменстанның Каспий теңізінің түбіне құбыр желісін орнатқысы келгеніне қарсы болған. Транскаспий құбыр желісі түркіменнің газын Ресейді айналып өтіп, Еуропаға жеткізуге мүмкіндік берер еді. Күні бүгінге дейін Каспий теңізі арқылы жаңа экспорттық қуатты құруға тек ресми Ашхабад қана емес, Астана да қызығушылық танытып отыр. «Каспий теңізінің түбіне құбыр желісін салу – біз үшін маңызды мәселе болып тұр. Қазір көмірсутегі шикізаты экспорты бағытын әртараптандыруға қызығушылық танытып отырмыз», – дейді Қазақстанның Сыртқы істер министрі.
Каспий теңізі – құрлықтық су торабы. Жағалаудағы бес мемлекет қарт Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындауда өзара келісе алмай келеді. Осы даудың нәтижесінде аймақтың дамуы кешеуілдеп тұр. Каспийдің көп бөлігі Қазақстанға тиесілі болғандықтан, тынышы шекара сызығымен бөлісу. Ондай жағдайда арғы жағалаудағылардың еншісі азаяды, мұнымен олар келісе алмайды. Даудың ұзаққа созылуы да осыдан. Caspianbridge ақпараттық-талдамалық орталығының болжамынша, Каспий теңізі бойынша бөліске салатын мәселе көп. Теңіз қайраңы, жағалауы, табиғи ресурстары. Егер де биыл Астанада Каспийдің құқықтық мәртебесі айқындалса, теңізді игеруде жаңа бағыттар ашылып, логистика, инфрақұрылым, туризм, мұнай өндіру және басқа да салалар жаңа серпін алмақ.