Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Ұлттық сейсмологиялық зерттеулер және ақпарат ғылыми орталығының сейсмикалық станциялар желісі 27 маусым күні кешке жер сілкінісін тіркеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мамандардың мәліметінше, жерасты дүмпулері Астана уақытымен сағат 18:34-те тіркелген.
Есептік қарқындылығы Түркістан және Жамбыл облыстарының бірқатар елді мекенінде, сондай-ақ Шымкент қаласында 2 балл болды. Атап айтқанда, жер сілкінісі Жетісай, Сарыағаш, Шардара, Ленгір, Арыс, Тараз, Қаратау, Меркі және басқа да елді мекендердің тұрғындарына сезілген.
Сондай-ақ Мырзакент, Абай, Қазығұрт, Сайрам, Манкент, Ақсукент, Тұрар Рысқұлов, Темірлан, Шәуілдір, Шаян, Бауыржан Момышұлы, Сарыкемер, Аса және Құлан ауылдарында да жерасты дүмпулерінің қарқындылығы 2 балл болған.
Зардап шеккендер немесе қираған нысандар туралы ақпарат түскен жоқ.