Астанада «Әділет» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған XIX «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығын табыстау рәсімі өтті. Жиырма жылға жуық уақыт аралығында бұл сыйлық ерен еңбегімен, жетістігімен және өз өнегесімен инклюзия, адамның қадір-қасиетін құрметтеу және тең мүмкіндіктер идеяларын ілгерілетіп жүрген азаматтарды біріктіретін беделді қоғамдық алаңға айналды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Салтанатты рәсімді ашқан «Әділет» Партиясының Төрағасы Айбек Дәдебай бүгінде «Жан Шуақ» сыйлығы лауреаттардың еңбегін мойындаудың ғана емес, инклюзивті қоғамды дамыту мәселелері жөніндегі қоғамдық диалогтың маңызды алаңы екенін атап өтті.
«Бүгін біз мамандығы да, тағдыры да әртүрлі адамдарға құрмет көрсетіп отырмыз. Сіздерді біріктіретін ортақ қасиет – нәтижеге қол жеткізе білу және өз мақсаттарыңызға адал болу. Сіздер өз еңбектеріңіз бен жауапкершіліктеріңіз арқылы өмірімізді жақсартып келесіздер. Көпшілік сіздерге қарап бой түзейді. Әрқайсыңызға қосқан үлестеріңіз бен өзгелерге көрсетіп жүрген өнегелеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді Айбек Дәдебай.

Биыл халықаралық спорт жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, мәдениет және ақпараттық технологиялар саласының өкілдері марапат иегерлері атанды. Олардың қатарында 2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов, 2024 жылғы Паралимпиада ойындарының қола жүлдегері Дастан Мұқашбеков, Future-IT робототехника мектебінің негізін қалаушы Дамир Нуркежанов, IT-маман әрі паралимпиада спортшысы Айсұлу Сүлейменова, музыкант Кенжебек Нұрдолдай және кәсіпкер Динара Кұтжолова бар. Ал халықаралық лауреаттар ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген жапон скрипкашысы Манами Ито мен әлемде алғаш болып Эльбрус пен Эверест шыңдарын тек білек күшімен бағындырған ресейлік параальпинист Рустам Набиев марапатталды.

Лауреаттар атынан 2026 жылғы қысқы Паралимпиада ойындарының чемпионы Ербол Хамитов сөз сөйледі.
«Азаматтардың шынайы қолдауы, атсалысуы және бір-біріне деген құрметі адамдардың өз күшіне сенім артып, алға ұмтылуына көмектеседі. Дәл осы әрекеттер қоғамды нығайта түседі», – деді ол.
Осындай бастамалардың маңызына тоқталған Айбек Дәдебай инклюзивті қоғамды дамыту «Әділет» партиясы үшін жаңа Конституция қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асырудың нақты көрінісі екенін атап өтті. Ол Мемлекет басшысының «Әділдік қағидаты бас құжаттың өзегіне айналды. Сондықтан жаңа Ата заңды Әділетті Қазақстанның төлқұжаты десек, қателеспейміз», деген сөзін еске салып, партия міндеті осы қағидаттарды нақты шешімдер мен қоғамдық бастамалар арқылы дәйекті түрде жүзеге асыру екенін атап өтті. Партия Төрағасы адамның қадір-қасиетін қорғау және тең мүмкіндіктер қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

«Әділет» партиясы үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыру – басты құндылықтардың бірі. Бұл тақырып маған да таңсық емес, сондықтан ешкім назардан тыс қалмайтын қоғам құрудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Бүгінгі лауреаттар өз өнегесімен инклюзия ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдаумен ғана шектелмейтінін дәлелдеп отыр. Бұл – әрбір адамның өз әлеуетін ашуына, қабілетін жүзеге асыруына және қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасау. Әділетті Қазақстан дәл осындай қағидаттар негізінде құрылады», – деді Айбек Дәдебай.

Осындай қоғамдық бастамаларға қолдау көрсету әділдік пен тең мүмкіндіктер қағидаттарын ілгерілетуге бағытталған «Әділет» партиясы қызметінің маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.