Бала Жамбыл атымен танылған жас ақын Жамбыл Дүйсенов біраз уақыттан кейін елге қайта оралғанын мәлімдеді. Ол алдағы уақытта сахнаға, эфирге шығып, шығармашылығын қайта жалғастырғысы келетінін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ақын бұл туралы Instagram парақшасында жариялаған видеосында бөлісті. Оның сөзінше, соңғы уақытта АҚШ-та болған. Алайда ол Америкаға оқуға бармағанын, сапарының нақты себебін кейінірек әлеуметтік желі арқылы түсіндіретінін жеткізді.
Жамбыл Дүйсенов халық алдына қайта шығып, елдің ықыласына бөленгісі келетінін айтты.
"Халқымды қайтадан қуантқым келеді. Халқымның ықыласына бөленгім келеді. Халқымның жүрегінен орын тапқым келеді. Халықтың ықыласына бөленсем, мен үшін одан асқан бақыт та, марапат та жоқ. Қайтадан жарқ етіп шығамын. Халқыма уәде беремін", – деді ол.
Жас ақын алдағы уақытта телеарналардан көрініп, сахнаға оралып, шығармашылық бағытта белсенді жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
Еске салайық, Бала Жамбыл атымен белгілі Жамбыл Дүйсенов 4 жасынан бастап өлең жазып, 7 жасынан бастап жыр кештерін өткізіп, көпшіліктің назарын аударған еді. Оған кезінде белгілі ақын Мұхтар Шаханов та батасын берген.