Алматыдан Астанаға ұшпақ болған жолаушының әуежайға ерекше отырғызу талонымен келген видеосы әлеуметтік желіде кең тарап, көпшілікті күлкіге қарық қылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Видеода Қостанайдан шыққан 22 жастағы екі достың бірі әуежайдағы бақылаудан өте үлкен көлемде басып шығарылған отырғызу талонымен өтіп бара жатқанын көруге болады. Ерекше форматтағы құжат авиациялық қауіпсіздік қызметкерлерінің де, желі қолданушыларының да назарын аударған.
Вирустық роликтің авторы – 22 жастағы Алмас. Ол химия инженері мамандығы бойынша магистратурада оқиды және мобилограф болып жұмыс істейді. Айтуынша, Астанаға досының үйлену тойына бару үшін билеттерді бір ай бұрын сатып алған.
Алмас бұл идеяны TikTok желісіндегі шетелдік трендтен көргенін айтады. Досына пранк жасау ойы ұшатын күні келген.
"Мұндай идеяны TikTok-тан көріп, қайталап көргім келді. Рамазанмен бірге жүргенде, ұшатын күні есіме түсті. Оған жұмыс бойынша бірдеңе басып шығаруым керек деп, өзім билетті шығарып алдым", – деді ол.
Алмастың сөзінше, ол әуежайға жеткенше жоспарын досынан құпия ұстаған. Ал Рамазан электронды билетін сұрай бастағанда, видео түсіру үшін түрлі сылтау айтуға мәжбүр болған.
Видеоның екінші кейіпкері Рамазан да 22 жаста. Ол қазір Алматыда тұрады және автомобиль детейлингі саласында жұмыс істейді. Жігіт өз қатысуымен түсірілген роликтің миллионнан астам қаралым жинағанына таңғалғанын айтты.
"Мың қаралым болар деп ойладым, бірақ миллион болады деп күтпедім. Контент адамдарға ұнағанына қуаныштымын. Егер Алмас болмаса, мұның ешқайсысы болмас еді", – деді Рамазан.
Желі қолданушылары Рамазанның үлкен түрлі-түсті қағазды еш саспай қызметкерлерге ұсынғанын ерекше атап өтті. Көпшілік әуежай қызметкерлерінің жағдайға түсіністікпен қарап, күлімсірегенін де жылы қабылдаған.
Пікір жазушылар ерекше талонды пледке, кілемге, дастарқанға және дәрінің нұсқаулығына теңеп, әзілдеді.
"Есесіне күту кезінде астыңа төсеп жатуға болады", "Бұл не қылған дәрінің нұсқаулығы?", "Енді осы қағазды ұшақта жамылып ұйықта", "Қызметкерлер бұл күнді ұзақ ұмытпайтын болды", – деп жазды олар.
Құжаттың көлемі әдеттегіден тым үлкен болғанымен, Рамазан бақылаудың барлық кезеңінен сәтті өткен. Осылайша, екі дос Астанаға аман-есен ұшып кетіп, әуежай қызметкерлері мен жолаушылардың ғана емес, бүкіл Қазнеттің көңілін көтерді.