Мәжілісте «Парламент сөзі» сыйлығы табысталды

/
Мәжілісте «Парламент сөзі» сыйлығы табысталды

Мәжілісте Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында журналистерге арналған «Парламент сөзі» сыйлығының қорытындысы жарияланды. Салтанатты жиында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап,  жеті номинация бойынша үздік деп танылған 17 адамды марапаттады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ерлан Қошанов өз сөзінде журналистердің ел дамуына қосқан үлесі мен Парламенттік журналистикаға сіңген еңбегі зор екенін атап өтті. Палата спикері Мәжілістен хабар таратып, қабылданып жатқан заңдарды халыққа кең насихаттап жүрген тілшілер қауымына бірлескен табысты жұмыс үшін зор ризашылығын білдірді.

– Бүгін өздеріңізбен тарихи оқиға қарсаңында кездесіп отырмыз. Санаулы күннен кейін жаңа Ата заң күшіне енеді. Оны Тәуелсіздік шежіресінің жаңа парағы деуге болады. Сіздер осы тарихи өзгерістердің бел ортасында жүрсіздер. Ата заңды әзірлеу жөніндегі Конституциялық комиссияның құрамында 10-ға жуық журналист жемісті жұмыс атқарды. Өткен референдумда да, Парламент қабырғасында конституциялық заңдар қабылдау кезінде де елдік іске бәріңіз жұмылып атсалыстыңыздар. Сіздер Мемлекет басшысының реформалары мен бастамаларын халыққа жан-жақты түсіндіруге үнемі күш салып келесіздер. Алдағы уақытта да осы жолда жемісті еңбек ете бересіздер деп сенемін, – деді Ерлан Қошанов. 

Мәжіліс төрағасы «Парламент сөзі» байқауы биыл 10-шы рет өтіп отырғанын, осы уақытқа дейін мәртебелі сыйлық 150-ден астам БАҚ өкіліне берілгенін айтты.

Cалтанатты жиында Үздік баспа жарияланымы үшін» номинациясы – «Егемен Қазақстан» газетінің журналисі Пазылов Орынбек Өтемұратұлына және «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Магер Юлия Дмитриевнаға табысталды.  «Үздік телевизиялық сюжет үшін» номинациясы «Qazaqstan» телеарнасының тілшісі Қабышева Самал Ермұхаметқызына, «7 канал» телеарнасының журналисі Касенова Асемгуль Канатовнаға, «Астана» телеарнасының тілшісі  Газизова Ақбота Арнайқызына берілді. 

Ал «Үздік бейне-сурет материалы үшін» номинациясымен Jibek Joly телеарнасының операторы Шәріпхан Сапарақын Зұлпыхарұлы, «Үздік интернет және радио материалы» номинациясымен Inbusiness.kz сайтының тілшісі Смаилова Балжан Алдиярқызы, Informburo.kz сайтының журналисі Пичененко Мария Константиновна, «Шалқар» радиосының жүргізушісі Доскеева Гүлнұр Омарханқызы және «QR.News» ақпараттық сайтының редакторы Қанат Сапарғали Танатұлы марапатталды.

«Арнайы репортаж» номинациясын 24.kz телеарнасы «Mazhilis.live» бағдарламасының жүргізушісі Кенжебаева Назым Қайратқызы, КТК телеарнасының журналисі Абрамова Анна Александровна,  Tiek.kz сайтының редакторы Әлібай Бақытнұр Балтабекұлы алды. 

Сонымен қатар «Парламенттік журналистиканы дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясымен Қабылбеков Нағашыбай Жолдыұлы мен Коскина Айнур Тлеубековна марапатталды.  

«Парламент сөзі» арнайы номинациясы «Айқын-Литер» ұжымы мен «Еуразия» Бірінші арнасы» ұжымына табыс етілді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары