25 маусымда Астанада Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларына арналған «Media & Gov Connect» республикалық медиафорумы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардан 70-тен астам баспасөз хатшысы мен PR саласының мамандары қатысты.
Медиафорумның негізгі мақсаты – мемлекеттік органдардың коммуникациялық әлеуетін арттыру, баспасөз хатшыларының кәсіби біліктілігін жетілдіру және заманауи ақпараттық кеңістікте тиімді жұмыс жүргізудің озық тәсілдерін талқылау. Сондай-ақ, 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында баспасөз хатшыларына арналған ағартушылық іс-шараларын ұйымдастырып, тәжірибе алмасуға және кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беретін тиімді алаң жасау.
Іс-шараның ашылуында Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай медиа форумның мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы ашық әрі тиімді коммуникацияны нығайтудағы маңызы жайлы айтып, еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды өзгерістерге тоқталды.
Сонымен қатар «Конституциялық реформалар, саяси және институционалдық жаңғыру үдерістері, сондай-ақ «Мемлекеттік қызмет туралы» жақында қабылданған Заң мемлекеттік басқарудың жаңа сапасын айқындап, ашықтыққа, есептілікке, кәсібилікке және адамға бағдарлануға негізделген жаңа басқару мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Бұл ретте Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңызы ерекше. Халықпен ашық әрі сенімді диалог – тиімді мемлекеттік басқарудың басты шарттарының бірі» деді Агенттік төрағасы.
Сондай-ақ, мемлекеттік қызметтің тиімділігі қабылданған шешімдердің нәтижесімен ғана емес, қоғаммен өзара іс-қимылдың сапасымен де бағаланатынын айтып, ашықтық, есептілік және кері байланыс мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысының ажырамас бөлігіне айналуы тиіс екенін жеткізді.
Іс-шарада Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларының қоғам мен билік арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз етудегі маңызды рөлі жайлы айтты.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «ОКҚ» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Асқар Омаров форум қатысушыларына ақпараттың ашықтығы мен жеделдігін арттыру, мемлекеттік саясатты халыққа түсінікті жеткізу және кәсіби медиакоммуникацияны дамыту мәселелерінің өзектілігі жайлы баяндады.

Форумда отандық медиа саласының сарапшылары мен заңгерлер жасанды интеллект дәуірінде ақпарат көздерімен тиімді жұмыс істеу, ақпарат тарату барысында құқықтық жауапкершілік пен медиасауаттылық тақырыбында шеберлік сабақтарын өткізді.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық-үйлестіру орталығының басшысы Руслан Бекарсланов жалған ақпаратқа қарсы іс-қимылдың заманауи тәсілдері жөнінде сөз сөйлеп, дезинформациямен күрестегі өзекті мәселелерді талқыланды.
Форум бағдарламасы аясында қазіргі ақпараттық кеңістіктегі маңызды бағыттар қамтылды. Атап айтқанда:
– жасанды интеллект дәуірінде ақпарат көздерімен жұмыс істеу;
– құқықтық және медиа сауаттылық;
– жалған ақпаратпен күрестегі заманауи тәсілдер.
«Media & Gov Connect» республикалық медиафорумы мемлекеттік органдардың баспасөз қызметтері арасындағы кәсіби байланысты нығайтуға, тәжірибе алмасу және жаңа коммуникациялық тәсілдерді меңгеруге мүмкіндік беретін дәстүрлі алаң ретінде жалғасатын болады.