Алматыдан Шымкентке бағыт алған ұшақ ауа райының қолайсыздығына байланысты Тараз әуежайына қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Threads желісінде осы рейстің жолаушысы бортта болған жағдайды айтып берді. Оның сөзінше, әуелі рейс шамамен бір сағатқа кешіктірілген. Кейін жолаушылар ұшаққа отырған кезде ауа райы күрт бұзылып, найзағай ойнап, жел күшейген.
Жолаушының айтуынша, әуеде қатты турбуленттілік болып, ұшақ Шымкентке қона алмаған.
"Ұшақ шамамен 15 минут бойы қатты шайқалды. Біз жерге жақындап бара жаттық. Жолаушылар қорқып отырды. Кейбірі жылап, дұға оқи бастады, енді бірі сабыр сақтауға тырысты. Бортсеріктер бәрін тыныштандырып, жағдай бақылауда екенін айтты", – деп жазды желі қолданушысы.
Автордың сөзінше, сол сәтте көпшілік қатты үрейленген. Ұшақ аман-есен жерге қонғаннан кейін ғана жолаушылар оның Тараз әуежайына қонғанын білген.
SCAT әуе компаниясы жағдайға қатысты түсініктеме берді. Компания мәліметінше, Шымкент әуежайына қону кезінде ауа райы күрт нашарлаған: желдің екпіні 24 м/с-қа дейін күшейіп, найзағай ойнап, қатты жаңбыр жауған. Сондай-ақ жел бағыты да өзгерген.
Осыған байланысты Алматы – Шымкент рейсінің экипажы қауіпсіздік мақсатында Тараз әуежайына қону туралы шешім қабылдаған.
Әуе компаниясының хабарлауынша, ұшақ Таразда шамамен 1,5 сағат тұрған. Ауа райы жақсарғаннан кейін рейс бағытын жалғастырып, Шымкент әуежайына қонды.