Түркістан облысының прокуратурасы «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірдегі экологиялық заңнаманың сақталуына тұрақты мониторинг жүргізіп келеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қадағалау нәтижесінде облыс аумағында 241 заңсыз қоқыс орны анықталып, оларды жою және аумақтарды санитарлық тазарту жұмыстары ұйымдастырылды.
Заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы қадағалау актілері енгізілді.
Сонымен қатар, қала, аудан прокуратураларының үйлестіруімен жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының қатысуымен арнайы жиналыстар өткізіліп, нақты тапсырмалар берілуде.
Сондай-ақ құқық бұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу мақсатында арнайы дрондарды пайдалану арқылы рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізілуде.
Мәселен, Қазығұрт ауданы прокуратурасының үйлестіруімен өткізілген рейд барысында Жігірген өзенінің бойында тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төгу фактілері анықталды.
Нәтижесінде Жігірген ауылдық округінің әкімі ҚР ӘҚБтК 505-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Прокуратураның үйлестіруімен анықталған заңсыз қоқыс орындарын жою және қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық экологиялық акция. Жоба қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.