Ұлытау облысы республика бойынша жалақы жағынан көш бастады – статистика

/
Ұлытау облысы республика бойынша жалақы жағынан көш бастады – статистика
istockphoto.com

Ұлытау облысы жалақы деңгейі бойынша астана мен мұнайлы өңірлерді басып озды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұлттық статистика бюросының есебіне сәйкес, 2026 жылдың I тоқсанында Ұлытау облысындағы орташа айлық жалақы 655 995 теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш Астана, Алматы қалалары мен Атырау облысынан жоғары. Сондай-ақ өңірдегі орташа атаулы жалақы республикалық орташа деңгейден де (461 486 теңге) асып түсті.

Инфляцияны ескергендегі нақты жалақы деңгейі 96,6% болды. Бұл көрсеткіш Атырау облысындағы (91,8%) және Маңғыстау облысындағы (94,9%) деңгейден жоғары әрі ірі қалалардағы көрсеткіштерге жақын: Астанада – 98,1%, Алматыда – 99,5%.

Ұлытау облысында жалақы ел бойынша орташа қарқыннан сәл жылдамырақ өсуде. Инфляцияны есепке алғанда, өңір тұрғындарының сатып алу қабілеті мұнайлы аймақтарға қарағанда азырақ төмендеп, Астана мен Алматы тұрғындарынан көп қалыспайды.

Айта кету керек, жоғары жалақының негізгі факторы – тау-кен металлургия кешені мен өңірдегі ең ірі жұмыс беруші саналатын «Қазақмыс» корпорациясының қызметі.

Еңбекақыны индексациялау және ірі өндірістік жобаларды іске асыру Ұлытау облысына білікті мамандарды тартуда мұнайлы өңірлермен және мегаполистермен тең дәрежеде бәсекелесуге мүмкіндік беріп отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары