Зайырлы болу ұлт болмысынан аттау немесе құндылықтарымызды ұмыту дегенді білдірмейді – Президент

Зайырлы болу ұлт болмысынан аттау немесе құндылықтарымызды ұмыту дегенді білдірмейді – Президент
Ақорда

Еліміздің Бас құжаты – Конституциясында дәл осылай жазылды. Бірақ құқықтық ел болу Ата заңда ғана бекітіліп қойған қағидат емес. Осыны дұрыс түсінуіміз керек. Бұл туралы Президент Ақордада медицина қызметкерлерінің күніне орай өткен салтанатты іс-шарада айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Өздеріңізге мәлім, ауқымды реформалардың арқасында Қазақстан жаңа тұрпатты елге айнала бастады. Азаматтарымыздың болмыс-бітімі, мінез-құлқы, дүниетанымы өзгеріп жатыр. Қазақстан – құқықтық мемлекет. Еліміздің Бас құжаты – Конституциясында дәл осылай жазылды. Бірақ құқықтық ел болу Ата заңда ғана бекітіліп қойған қағидат емес. Осыны дұрыс түсінуіміз керек. Құқық күнделікті күйбең тірліктен басталуы қажет. Бұл – әр адамның жүріс-тұрысы, әдебі, тәртібі, тіпті, мінез-құлқы заңға қайшы болмауы керек деген сөз.  

Ата Заңға сәйкес, біз – зайырлы мемлекетпіз. Алайда, зайырлы болу ұлт болмысынан аттау немесе халқымыздың бойында бар құндылықтарды ұмыту деген ұғым емес. Озық, заманауи елдің азаматтары ең алдымен қоғамда, яғни, көпшілік ортада, әсіресе, жұмыс орнында өздерін орынды ұстай білуі қажет.  Мысалы, соңғы уақытта көп адамдардың, тіпті, амандасу кезінде өрескел, орынсыз әрекеттерге жол беріп жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты күшейте түсу қажет. Бұл – жай ғана шағын мәселе емес. Әр халықтың тұрмыстық салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына қарап шетел адамдары сол елдің қаншалықты мәдениетті, дамыған жұрт екендігі жөнінде пайым жасайды», – дейді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде құндылықтарымызды кеңінен дәріптеу арқылы қоғамда жаңа этикалық нормаларды орнықтыруымыз қажет екенін баса айтты.

«Өркениетті мемлекет құру үшін бірінші кезекте халықтың мәдениеті жоғары болуға тиіс. Мұның бәрі, тағы да атап өткім келеді, қоғамдық орындарда әдеп сақтау, өзін дұрыс ұстау, өзара құрмет көрсету сынды негізгі қағидалардан басталатыны анық. Біз осы құндылықтарды кеңінен дәріптеу арқылы қоғамда жаңа этикалық нормаларды орнықтыруымыз қажет. Бұл – баршамызға ортақ міндет. Медицина қызметкерлері осы өте маңызды мәселе бойынша бүкіл қоғамымызға үлгі көрсетуі керек», – дейді Мемлекет басшысы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар