Қазақстандық актриса Ақерке Назарова Оңтүстік Кореяда түсіріліп жатқан ірі халықаралық жобаның басты рөлін сомдайды. Бұл туралы актриса өзінің Instagram парақшасында хабарлады, деп жазады turkystan.kz.
Жаңалық жарияланғаннан кейін желі қолданушылары мен дорама жанкүйерлері жобада Ақерке Назаровамен бірге ойнайтын кореялық актердің кім екенін қызу талқылай бастады.
Көпшілікті әсіресе "Азия ханзадасы" рөлін сомдайтын басты ер адам кейіпкері қызықтырып отыр. Алайда әзірге бұл актердің есімі мен жобаға қатысты басқа да маңызды мәліметтер құпия сақталып келеді.
Инсайдерлердің айтуынша, бұл рөлге К-драма әлеміндегі ең танымал әрі сұранысқа ие актерлердің бірі таңдалуы мүмкін. Дегенмен ресми ақпарат әлі жарияланған жоқ.
Жоба авторлары басты кейіпкердің есімін фильмнің ресми таныстырылымына жақын қалғанда ғана жариялауды жоспарлап отырғанға ұқсайды.
Алдағы уақытта туындының сюжеті, толық актерлік құрамы және түсірілімге қатысты басқа да мәліметтер белгілі болады.