Жамбылдық студент оқу ақысын төлеу үшін әкесінен алимент өндіріп алды

/
Жамбылдық студент оқу ақысын төлеу үшін әкесінен алимент өндіріп алды
istockphoto.com

Жамбыл облысының Байзақ аудандық соты азаматша Т.-ның жауапкер Д.-дан (студенттің әкесі) оқу кезеңіне алимент өндіру туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сотта талап қоюшының Жамбыл жоғары медициналық колледжінің күндізгі бөлімінің 3-курс студенті екендігі және ақылы негізде білім алатыны анықталды. Талап қоюшы оқуына байланысты тұрақты негізде жұмыс жасауға мүмкіндігі жоқ екенін көрсетіп, оқуын аяқтағанға дейін әкесінен ай сайын 100 мың теңге мөлшерінде алимент өндіруді сұрады.

Жауапкер өзінің басқа отбасы, екі кәмелетке толмаған балалары және несиелік міндеттемелері бар екенін мәлімдеп, талап қоюды ішінара мойындады.

Сот іс материалдарын жан-жақты зерттеп, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексінің талаптарына сәйкес, ата-аналары күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын 21 жасқа дейінгі кәмелетке толған балаларды материалдық жағынан қамтамасыз етуге міндетті екенін назарға алды.

Алимент мөлшерін айқындау кезінде сот тараптардың материалдық және отбасылық жағдайын, жауапкердің асырауындағы өзге де адамдардың болуын және істің басқа да мән-жайларын ескерді.

Сот шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылып, жауапкерден талап қоюшының пайдасына 2026 жылғы қаңтардан 2027 жылғы қазанға дейін оқу кезеңіне ай сайын 35 мың теңге мөлшерінде алимент өндірілді.

Шешім заңды күшіне енді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары