Петропавлда қараусыз қалған үш жасар бала кондуктордың қырағылығы мен полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында ата-анасына аман-есен қайтарылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға 4 маусым күні болған. №7 бағыттағы автобустың кондукторы көшеде ересектердің қарауынсыз жүрген кішкентай баланы байқап қалған. Баланың қауіпсіздігіне алаңдаған ол бүлдіршінді автобусқа отырғызып, бірден полицияға хабар берген.
Оқиға орнына ювеналдық полиция қызметкерлері келіп, баланы өз қарауына алды. Алайда үш жасар бүлдіршін үйінің мекенжайын да, ата-анасы туралы нақты мәліметті де айта алмаған. Сондықтан оның заңды өкілдерін анықтау үшін полицияның сыртқы қызметтері жұмылдырылды.
Баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәртіп сақшылары оны көпсалалы облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Көп ұзамай бүлдіршіннің ата-анасы анықталып, ол медициналық мекемеге жатқызылмай-ақ отбасына қайтарылды.
Тексеру барысында баланың анасы жұмыста болғаны белгілі болды. Ал әкесі екі кішкентай баласымен бірге ұйықтап жатқан кезде үш жасар ұлы ерте оянып, үйден өз бетінше шығып кеткен. Бүлдіршін көшеде шамамен екі сағат жүрген.
Осы жағдайға байланысты баланың әкесіне әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері отбасының тұрмыс жағдайын тексеріп, ата-аналармен балалардың қауіпсіздігі жөнінде профилактикалық әңгіме жүргізді.
Полиция өкілдері балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ата-ананың жауапкершілігіне байланысты екенін ескертті. Сондай-ақ мұндай сәтте айналадағы адамдардың бейжай қарамай, дер кезінде әрекет етуі маңызды екенін атап өтті.