"70 пайызы өтірік болды": Еркеш Хасен бұрынғы әйеліне қатысты шындығын айтты

/
"70 пайызы өтірік болды": Еркеш Хасен бұрынғы әйеліне қатысты шындығын айтты
ашық дереккөзден

Әнші әрі композитор Еркеш Хасен жеке өміріне қатысты тараған әңгімелерге жауап берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Биыл жыл басында әлеуметтік желіде өнер иесінің ажырасып, актриса Жанель Серғазинамен қарым-қатынаста жүргені туралы ақпарат кеңінен тараған еді. Еркеш Хасен "Aiqai" YouTube арнасына берген сұхбатында осы жағдайға қатысты ойын ашық айтты.

Әншінің сөзінше, өзі туралы айтылған түрлі пікірлерге үндемей келген. Алайда қызына қатысты жазылған жағымсыз сөздер оған қатты әсер еткен.

"Маған қатысты көп әңгіме айтылды. Бірақ соның 70 пайызы өтірік болды. Ең қатты тигені – қызым туралы пікірлер. Бір апта үндемей жүрдім. Алайда әнші болмай кетсем де, қызыма тіл тигізуге жол бермеймін. Такси жүргізушісі болсам да, бала-шағамды асыраймын", – деді ол.

Еркеш Хасен қызы туралы жағымсыз пікір қалдырған желі қолданушысын іздегенін де жасырмады. Өнер иесінің айтуынша, мұндай жағдайды кез келген әке түсінеді.

Сонымен қатар әнші сол кезде неге сұхбат бермегенін де түсіндірді. Ол қызы кейін әкесінің камера алдында жылап отырғанын көрмесін деп ойлаған.

"Қызымның алдында ер адам болып қалғым келді", – деді әнші.

Сұхбат барысында Еркеш Хасен бұрынғы жұбайына қатысты да пікір айтты. Оның сөзінше, ол ажырасу мәселесін көпшілік алдында талқылап, отбасының ішкі жағдайын жария еткісі келмеген.

"Отбасымызды жақсы жағынан көрсеткім келді. Бірақ былықты жариялаудың қажеті жоқ. Кейбір адамдар ажырасудың алдында жүруі мүмкін. Сондықтан мұндай нәрсені насихаттағым келмеді", – деді ол.

Әнші бұрынғы әйеліне қиянат жасағысы келмегенін де атап өтті. Оның айтуынша, бұрынғы жұбайы психологиялық тұрғыдан мұндай қысымға дайын болмауы мүмкін, ал әлеуметтік желідегі хейтті көтеру оңай емес.

"Біз тек жаман күндерді бірге өткізген жоқпыз. Жақсы сәттеріміз де болды. Сондықтан кетерде арқасына пышақ тығып кеткім келмейді", – деді өнер иесі.

Еркеш Хасен сұхбатта жеке өміріне қатысты алып-қашпа әңгімелердің көп болғанын, бірақ ең бастысы балаларының амандығы мен абыройы екенін жеткізді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары