Семей қаласында автокөлік жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан әйелді қағып кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жол-көлік оқиғасы Екінші саяжайлар ауданында болған. Автокөлік «зебрамен» өтіп бара жатқан әйелді қағып кеткен. Сол сәтте кездейсоқ оқиға орнынан жедел жәрдем көлігі өтіп бара жатқан. Зардап шеккен әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жеткізілді.
Абай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі агенттікке берген түсініктемесінде, 8 маусым күні сағат 21:50 шамасында ВАЗ-2109 маркалы автокөлікті басқарған 28 жастағы жүргізуші Өскемен көшесімен келе жатып, жаяу жүргіншіні қағып кеткенін мәлімдеді.
«Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккен адам медициналық мекемеге жатқызылды. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген, көлік құралын басқарған адамның жол қозғалысы ережелерін бұзып, абайсызда адамның денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», – деп хабарлады полиция өкілдері.
Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп, бірқатар сот сараптамалары тағайындалды. Олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.