Ғалымдар ұйықтамай-ақ сергек жүрудің жолын табуға жақын қалды

/
Ғалымдар ұйықтамай-ақ сергек жүрудің жолын табуға жақын қалды
сурет: istockphoto.com

Ғалымдар мидағы терең ұйқы кезінде болатын белсенділікті жасанды түрде іске қосып, ұйқының кейбір пайдалы әсерін қайталауға болатынын анықтады. Тышқандарға жүргізілген тәжірибеде олардың миы ұйықтамаса да, демалғандай күйге түскені байқалған, деп хабарлайды turkystan.kz newscientist.com-ға сілтеме жасап.

Зерттеуді жүргізген мамандар мидың белгілі бір бөлігін жарық арқылы белсендіретін арнайы технология қолданған. Соның арқасында терең ұйқы кезіндегі баяу толқынды белсенділік жасанды түрде пайда болған.

Тәжірибе барысында тышқандар бес сағат бойы ұйықтатылмаған. Алайда кейін миының бір бөлігіне «жасанды ұйқы» әсері берілгеннен соң, олардың миында әдетте ұйқы жетіспегенде байқалатын шаршау белгілері тіркелмеген.

Ғалымдар кейін жануарлардың есте сақтау қабілетін тексерген. Ұйқысыз қалған, бірақ миына арнайы стимуляция жасалған тышқандар жаңа ақпаратты кәдімгі ұйықтап демалған топ сияқты жақсы есте сақтаған. Ал мүлде демалмаған тышқандар тапсырманы әлдеқайда нашар орындаған.

Зерттеу авторларының айтуынша, бұл әдіс болашақта адамдарға да қолданылуы мүмкін. Қазір ғалымдар миға операциясыз әсер ететін электрлік стимуляция арқылы осындай нәтижеге қол жеткізу мүмкіндігін зерттеп жатыр.

Дегенмен сарапшылар ұйқыны толық алмастыру әзірге мүмкін емес екенін айтады. Себебі адам ұйқысы тек терең фазадан ғана емес, сонымен қатар түс көрумен байланысты REM фазасынан да тұрады. Ғалымдар бұл екі кезеңнің не үшін кезектесетінін әлі толық түсіндіріп болған жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары