Түркістан облысында 1 аптада 200 тоннадан астам қарбыз жиналды

/
Түркістан облысында 1 аптада 200 тоннадан астам қарбыз жиналды
Түркістан облысы әкімдігі

Жетісай ауданында алғашқы қарбыздар еліміздің ірі қалалары мен көршілес Ресей Федерациясының сауда нарығына жол тартты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазір егістік алқаптарынан бір аптаның ішінде 200 тоннадан астам қарбыз жиналып, тұтынушыларға жеткізілген. Ерте піскен өнімге сұраныс та жоғары. Бұл өз кезегінде шаруалардың табысын арттырып қана қоймай, ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін айқындай түсуде.

Жетісай ауданының дихандары биылғы жылы 80 мың гектарға жуық суармалы алқаптың 44 мың гектарына мақта шитін сепсе, 17,1 мың гектар жерге бақша, 7,5 мың жерге дәндік жүгері, ал, 3,7 мың га жерге көкөніс, 6,4 мың гектар алқапқа жоңышқа дақылын еккен.

Өткен жылы 16,9 гектар алқапқа егілген бақша дақылдарының 3 мың гектарын қарбыз құраса, биылғы жылы 17,1 мың гектарға егілген бақшаның 3 мың гектарын қарбыз құрап отыр.

Қарбыз дақылын егу көлемі өзгермегенімен диқандар сапалы әрі мол өнім алуға күш салып, ағын судың қажетті мөлшерде уақытылы берілуінің, заманауи агротехнологияларды тиімді пайдалану нәтижесінде алғашқы өнім молынан жиналуда. Шаруалар алдағы күндері өнім жинау қарқынын күшейіп, экспорт көлемін ұлғайтуға, ішкі және сыртқы нарықты табиғи әрі сапалы өніммен қамтуға ниетті.

Айта кетейік, бақша өнімдерін экспорттау ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға да оң әсерін тигізуде.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары