Мысықтар Жапония экономикасына жыл сайын 3 трлн иен табыс әкеледі

/
Мысықтар Жапония экономикасына жыл сайын 3 трлн иен табыс әкеледі
сурет: istockphoto.com

Жапонияда мысықтар тек үй жануары ғана емес, экономиканың маңызды қозғаушы күшіне айналып отыр. Сарапшылардың бағалауынша, 2026 жылы мысықтарға байланысты тауарлар мен қызметтер ел экономикасына шамамен 3 трлн иен, яғни 18,8 млрд доллар көлемінде үлес қосады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл құбылысты жапон ғалымдары «котономика» деп атап жүр. Терминді Кансай университетінің профессоры Кацухиро Миямото енгізген. Оның есебіне сәйкес, мысықтарға арналған азық-түлік, ветеринарлық қызмет, күтім құралдары, ойыншықтар, қонақүйлер, сақтандыру өнімдері және туристік нысандар миллиардтаған иендік нарық қалыптастырған.

Жапониядағы үй жануарлары нарығының өсуіне демографиялық өзгерістер де әсер етуде. Елде 2025 жылғы дерек бойынша 8,8 миллион мысық және 6,8 миллион ит тіркелген. Жалпы алғанда, үй жануарларының саны 15 жасқа дейінгі балалар санынан асып кеткен.

Мысықтардың ықпалы мәдениет пен туризм саласында да айқын байқалады. Токиодағы Янака Гиндза ауданы «мысықтар мекені» ретінде танымал. Мұнда мысық бейнесі дүкен маңдайшаларынан бастап кәдесыйларға дейін кеңінен қолданылады. Туристер мысық пішініндегі тәттілер сатып алып, арнайы естелік бұйымдарға тапсырыс береді.

Жапонияның Үй жануарлары азығы қауымдастығының мәліметінше, бір үй шаруашылығы мысықты өмір бойы асырауға орта есеппен 1,8 миллион иен жұмсайды. Сарапшылар мұны жануарларға деген ерекше қамқорлық пен олардың отбасы мүшесі ретінде қабылдануымен байланыстырады.

Осылайша, мысықтар Жапонияда тек сүйікті үй жануарлары ғана емес, тұтас бір экономикалық құбылыстың негізіне айналып отыр. Сарапшылардың пікірінше, халықтың қартаюы мен бала санының азаюы жағдайында «котономиканың» маңызы алдағы жылдары одан әрі арта түсуі мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар