Қарағандыда Ұлттық ұланның “Орталық” өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінде 1-2025 шақырылым сарбаздарын ұлықтау кеші салтанатты түрде ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шараға әскери бөлім басшылығы, ардагерлер, сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты. Кештің негізгі мақсаты — әскери қызметін абыроймен аяқтаған сарбаздарға құрмет көрсету және олардың бір жыл бойғы адал қызметін бағалау болды.
Салтанатты жиын барысында әскери бөлім командирі сөз сөйлеп, сарбаздардың қоғамдық тәртіпті сақтау мен ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жауапкершілік пен табандылық танытқанын атап өтті. Сондай-ақ, әскери қызмет барысында үздік нәтиже көрсеткен жауынгерлерге алғыс білдірді.
Кеш аясында сарбаздарға мемлекеттік білім беру гранттары табысталды. Бұл гранттар олардың жоғары оқу орындарында тегін білім алып, болашақ маман иесі атануына мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әскери қызмет барысында ағылшын тілі курстарын сәтті аяқтаған сарбаздарға арнайы сертификаттар табыс етілді.
Шара барысында белсенділігімен көзге түскен сарбаздар марапатталып, оларға естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар берілді. Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасып, әскери-патриоттық әндер орындалды.
Айта кетейік, Ұлттық ұлан қатарындағы әскери қызмет жастарды тәртіпке, жауапкершілікке және Отанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелейді. Әскери борышын өтеген сарбаздар алдағы уақытта алған тәжірибесін ел игілігі жолында қолданатындарын жеткізді.