Пилоттық жоба үш оқу жылына арналған және білім беру жүйесін цифрлық трансформациялау жөніндегі Кешенді жоспардың бөлігі болады. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, жұмыс Мемлекет басшысының осы жылдың 12 мамырында қол қойған Жарлығы аясында жүргізілуде және инфрақұрылымды жаңғыртудан бастап педагогтарды даярлауға және балалардың дербес деректерін қорғауға дейінгі бірнеше бағытты қамтиды.
«Оған байланысты үлкен жарлыққа қол қойылды. Соның бес бағытында үлкен жұмыс қарастырылып, жоспарлануда», — деді министр. Жұлдыз Сүлейменова пилоттық жобаға бүкіл ел бойынша 500 мектеп кіретінін атап өтті.
«Ең бірінші, пилоттық жобада кешенді жоспар жүзеге асырылады. Кешенді жоспарды Үкіметке енгізетін боламыз. Жалпы 500 мектеп айқындалады, соның ішінде: 100 мектеп – «Келешек мектептері», 150 мектеп – бұл толық, ауыл, сонымен бірге қала мектептері, 250 мектеп – шағын жинақты мектептер мәселесі. Осы арқылы біз жасанды интеллект технологиясын білім беру жүйесіне енгізу, ауыл және қала мектептері арасындағы білім сапасындағы теңсіздікті мейлінше азайтуға байланысты бірқатар шара қабылдайтын боламыз», — деді оқу-ағарту министрі.
Оның айтуынша, мұғалімдерді цифрлық құралдар мен AI-ассистентін пайдалануға дайындауға ерекше көңіл бөлінеді.
«Екінші бағыт – бұл ұстаздарымыздың біліктілігін арттыру курстары. Бүгінгі таңда 350 мың ұстазымыз бұл цифрлық технологияларды пайдалану, оның ішінде жалпы жасанды интеллектінің ассистентін оқу процесіне енгізуге қатысты, сонымен бірге цифрлық технологияның педагогикасына байланысты бірқатар біліктілікті арттыру курстарынан өткен болатын», — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Бұдан бөлек, Қазақстанда жасанды интеллектіні пайдалана отырып, дербестендірілген оқыту бойынша жобаларды енгізу жоспарлануда.
Министр сондай-ақ оқушылардың дербес деректерін қорғау негізгі мәселелердің бірі екенін атап өтті.
«Ең маңызды мәселе – бұл біздің балаларымыздың жеке деректерінің жалпы тарап кетпеуі, жеке деректерінің қорғалып сақталуы. Оған қатысты да үлкен жоба, үлкен бұйрық қазіргі таңда әзірленуде. Атап айтқанда, мектептен бастап, сонымен бірге білім бөлімдері, білім басқармалары, Оқу-ағарту министрлігінде жалпы жеке деректерге жауапкершілігі бар азаматтардың тағайындалатын болады», — деді ол.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, Кешенді жоспар 2026-2029 жылдарға арналған, ал жобаның пилоттық кезеңі 2026-2027 жылдарды қамтиды. Брифинг барысында журналистер болашақта мектеп оқушылары қағаз оқулықтардан бас тартып, планшеттерге ауыса ала ма деп сұрады. Бұған жауап ретінде министр бұл мәселе ведомствода әзірге қаралу сатысында тұрғанын түсіндірді.