Алабай ит қорадағы 45 қойды талап тастаған: Сот үкім шығарды

/
Алабай ит қорадағы 45 қойды талап тастаған: Сот үкім шығарды
istockphoto.com

Жамбыл облысында 2024 жылдың қараша айында түнгі уақытта талап қоюшының шаруа қожалығының аумағына «алабай» тұқымдас ит кіріп, қорадағы қойларға шабуыл жасаған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Нәтижесінде 45 бас мал қаза тапты. Оқиға фактісі жергілікті атқарушы органдар мен ветеринарлық қызмет өкілдерінің қатысуымен жасалған тексеру актілерімен, сондай-ақ талап қоюшының құқық қорғау органдарына жасаған өтініштерімен расталды.

Талап қоюшы Қордай ауданының әкімі аппараты мен ветеринарлық бөлімінен материалдық залалды өндіріп алуды сұрады. Жауапкерлер талап қоюшы тарапынан қауіпсіздіктің тиісінше қамтамасыз етілмегендігін көрсетіп, талаптармен келіспеді.

Иттің иесі анықталмады, бұл оның қараусыз және егесіз жануар екенін көрсетеді. Сотта қаңғыбас жануарларды аулау және олардың санын реттеу функциялары ветеринарлық қызметке жүктелгені анықталды. Алайда азаматтардың мүлкіне зиян келтірмеу бойынша қажетті шаралар қабылданған жоқ.

Жауапкердің мал иесі тарапынан қауіпсіздікті тиісінше қамтамасыз етпеу туралы дәлелдерін сот дәрменсіз деп таныды, өйткені жануарларды ұстау тиісті жағдайларда жүзеге асырылды және бұл дәлелдермен расталды.

Залалдың мөлшерін айқындау кезінде сот ресми деректерге сүйенді, оларға сәйкес, оқиға кезінде бір қойдың орташа құны 57 мың теңгеден асты. Залалдың жалпы сомасы 2,5 млн теңгеден астам болғаны айқындалды.

Сот шешімімен талап қою ішінара қанағаттандырылды: Ветеринарлық бөлімінен көрсетілген сома мен сот шығындары өндірілді. Ауылдық округ әкімі аппаратына қойылған талаптарды қанағаттандырудан бас тартылды.

Шешім заңды күшіне енді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары