Петропавлда 19 жастағы жүргізуші түнгі уақытта рөлде ұйықтап қалып, электр желісінің бағанына соғылды. Соның салдарынан қаладағы жүзден аса жеке үй жарықсыз қалған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жол апаты жоғары жылдамдықпен болған. Қатты соққыдан ауыр бетон баған сынып, жерге құлаған. Нәтижесінде 100-ден астам тұрғын үй электр қуатынсыз қалды.
Полицияның мәліметінше, медициналық сараптама жүргізушінің мас болмағанын және тыйым салынған заттардың әсерінде болмағанын растаған.
"Медициналық куәландыру нәтижесіне сәйкес, жүргізуші сау болған. Қалалық электр желілеріне келтірілген материалдық шығынды өтеу мәселесі заңда белгіленген тәртіппен азаматтық-құқықтық қатынастар аясында шешіледі. Ал жүргізушіге 20 АЕК көлемінде әкімшілік айыппұл салынды", – деді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы Азамат Жамұқов.
Арнайы бригадалар шұғыл түрде ескі бағанның қалдықтарын алып, жаңа темірбетон тірек орнатты. Сондай-ақ үзілген жоғары кернеулі сымдар қайта тартылып, зардап шеккен тұрғын үйлерге электр қуаты толық қалпына келтірілді.