«AMANAT»: Атырау қаласында үш күндік оқыту семинары басталды

/
«AMANAT»: Атырау қаласында үш күндік оқыту семинары басталды

Атырау қаласында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы модульдік оқыту бағдарламасын бастады. Мұндағы мақсат – заман талабына сай ойлайтын, стратегиялық шешім қабылдай алатын кәсіби басқарушылар корпусын қалыптастыру, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараға облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары мен партия филиалдарының қызметкерлері қатысты. 

«AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы Бейбіт Мырзағалиевтің айтуынша, бұл бағдарлама – партия кадрларының біліктілігін арттыруға, саяси мәдениетті нығайтуға және тиімді басқару дағдыларын дамытуға арналған маңызды жоба.

«Бұл – жай ғана оқыту семинары емес, ел дамуына үлес қосатын, жауапкершілігі жоғары, заман талабына бейім басқарушыларды даярлауға бағытталған алаң. Мемлекет басшысы алға қойған реформаларды жүзеге асыру ісінде кәсіби кадрлар айрықша орын алады. Осы бағытта «AMANAT» партиясы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінгі семинарға облыс аумағындағы әр ауданнан, қала мен ауылдық округтерден депутаттар, әкімдер, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары және партия қызметкерлері қатысуда. Бұл – өңірдегі саяси белсенділіктің, жаңашылдыққа деген ұмтылыстың айқын көрінісі. Жалпы, бағдарламаға өңірдегі 160-қа адам қатысып отыр», – деді Бейбіт Темірбекұлы.

Семинар барысында қатысушылар саяси менеджмент, мемлекеттік басқару, бюджеттік жоспарлау, коммуникация және көшбасшылық бағыттары бойынша білімдерін жетілдіреді.

Ал Саяси менеджмент академиясының атқарушы директоры Айдана Шилибекова модульдік оқытудың еліміздегі саяси мәдениетті жетілдіру ісіндегі рөлін атап өтті.

«Бүгінде мемлекеттік басқару жүйесінде кәсіби шеберлікпен қатар, қоғаммен ашық әрі тиімді байланыс орната білу де аса маңызды. Сондықтан семинарға қатысушылар басқару процесіндегі жаңа тәсілдермен танысып, командалық жұмыс, шешім қабылдау, қоғамдық коммуникация және көшбасшылық бағыттарында тәжірибелік дағдыларын жетілдіреді. Мұндай оқыту алаңдары өзара пікір алмасып, жаңа көзқарас қалыптастыруға үлкен мүмкіндік береді», – деді Айдана Шилибекова.

Бұл ретте, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Саламат Идрисов мұндай білім беру алаңдары азаматтардың кәсіби әлеуетін арттыру ісінде аса маңызды екенін мәлімдеді.

«Университет білім беруге және азаматтардың қабілет-қарымын дамытуға бағытталған жобаларды әрдайым қолдайды. Себебі сапалы кадр даярлау – елдің тұрақты дамуының негізгі факторларының бірі. Бүгінгі семинар қатысушыларға жаңа тәжірибе жинақтап, кәсіби тұрғыда дамуына серпін беретіні анық», – деді ол. 

Кіріспе бөлімнен кейін қатысушылар бекітілген топтарға бөлініп, оқу модульдері бойынша семинар сабақтарына кірісті. Мәселен, оқыту бағдарламасына қатысып, жаңашылдықты игеріп жатқан азаматтардың бірі – Атырау қалалық мәслихатының депутаты Нұрбек Избасов.

«AMANAT» партиясының модульдік оқыту бағдарламасы – уақыт талабынан туындаған өте маңызды бастама. Бұл семинар бізге тек теориялық білім беріп қана қоймай, нақты тәжірибеге негізделген жаңа басқару тәсілдерін меңгеруге жол ашуда. Ең бастысы, мұндай оқыту бағдарламалары өңірлерде жаңаша ойлайтын, жауапкершілігі жоғары, кәсіби кадрлар қалыптастыруға мүмкіндік береді», – деді депутат.

Үш күнге жоспарланған семинар аясында қатысушылар тәжірибелік тренингтерге, интерактивті дәрістер мен пікірталас алаңдарына қатысады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары