Күні кеше ғана Мемлекет басшысы бір ерекше Жарлыққа қол қойды. «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» деп аталатын мұндай мазмұндағы арнайы Жарлық бұрын-соңды болған емес. Бұл біздің ой-санамызды дүр сілкіндірді десек болады. Әлдебір тай-таласта жеңіске жеткендей болдық. Неге? Өйткені жалпы қоғам әр тараптан келетін қазіргі шапшаң ақпараттар ағынымен жүріп, рухани әлемді жұтаңдатып алғандай еді. Рухани әлеміміз уысымыздан шығып бара жатқандай еді. Әр жерде өтетін әр түрлі іс-шаралар болғанымен, оның табан тіреп тұрған тастабаны әлсіз еді. Ал осы жаңа бағыттағы Жарлық оқырманға да, қаламгерлерге де ерекше серпін берді.
Жастар арасында кітап оқитынын айтуға ыңғайсызданатындар да өсіп келе жатыр еді. Енді бәрі басқаша болады. Кітап төрге шықты. Оқырман төрге шықты. Үздік оқырмандарға конкурс жарияланатын болды. Арнайы мекемелер ғана емес, оқырман мен қаламгер де өздеріне жаңаша жоспар қүрып, оқырмандық жаңа көзқарастар мен жаңа стильдегі кітапхана қызметтері өрістейтін болды.
«2027 жылғы 1 қаңтарға дейін бірыңғай қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасы» құрылатын болды. Осыған қол жеткізе алмай жүр едік қой. Цифрлы технологияның мүмкіндіктері оқырмандардың жаңа легін алып келетіні сөзсіз. Таяу күндері ғана Ақтау қаласында өткен «Кітап-керуен» көрмесіне жиналған, кезекке тұрып кітап сатып алып жатқан оқырмандарды көріп өзіміз таңқалдық. Көрмеге республикалық деңгейдегі оншақты баспа үйлері қатысқан еді. Олардың әкелген кітаптары алғашқы күні-ақ сатылып кетіп, тағы да кітап алдыртып, оған өздері де аң-таң болғанын дәл қазір қуана жазып отырмын. Оқырмен нөпір екен. Тек кітапты таныту жағы кемшін қалған екен. Енді кітап әлеміне осы Жарлық арқылы жаңа мәртебе берілді деп сезініп отырмын! Бұл оқырмандарға берілген ерекше мәртебе десек болады. Ал қаламгерлер мен кітапханашылардың қуанышын айтсам, оған сөз жеткізе алмасыпыз.
Кітап оқу мәдениеті – мәдениеттің заңғары. Мәселе тек кітап оқуда емес, кітап оқу арқылы қоғамның ой-санасы өседі. Ой-сана экологиясы жаңа қоғамды деңгейге көтеріледі. Ал ол қарыштата дамытудың жаңа моделі. Қарыштатуға қабілетті жаңа буын жедел қалыптасып, әлемдік бәсекелстіктің алдыңғы шебіне шығады. Өйткені тәрбие беретін, білім беретін сөздің әулиесі кітапта. «Зерделі ұлт әулиесі кітапта. «Зерделі ұлт қалыптастыру» тұжырымы егеменді елдің жаңа келбетін танытары сөзсіз! Өйткені кітап оқу мәдениеті басқа да адами, адамзаттық мәдениеттердің де күре тамыры. Кітап оқу мәдениетін жедел қалыптастырудың әр қадамының өзі мәртебе! Мәртебең құтты болсын, Кітап және Оқырман!
Оңайгүл ТҰРЖАН,
Ақын, ғалым