Қазақстандағы өскелең ұрпақтың диабеттен хабары жоқ

Қазақстандағы өскелең ұрпақтың диабеттен хабары жоқ

Қазақстандағы өскелең ұрпақтың диабеттен хабары жоқ
ашық дереккөзі
220
Қазақстандағы өскелең ұрпақтың диабеттен хабары жоқ, оның үстіне жасы ұлғайған сайын адамдардың аурудың алдын алу шаралары мен белгілері туралы білімі толыспайды. Бұл қорытынды Алматы қаласы мектептерінде жүргізілген «Назар аудар: Диабет жаныңда!» әлеуметтік жобасы аясындағы зерттеу нәтижесінде белгілі болды. Кеңауқымды жоба «Қазақстан Республикасының Диабеттік ағарту қоры» қоғамдық қоры мен Ново Нордиск А/С компаниясының өкілдігінің бірлесуімен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі, Астана мен Алматы қалалары әкімдігінің қолдауымен жүргізіледі. Жобада студент-медиктерден құралған 200 ерікті бар. Бұл жоба 2015 жылдың көктемінде Алматы қаласы мектептеріндегі ағарту жұмыстарынан басталды. Оңтүстік астананың 201 мектебінде қант диабеті мен оның алдын алу туралы ағарту жұмыстары жүргізілді. Алматы мектептеріндегі қант диабеті туралы білімді көтерумен қатар зерттеу жүргізіліп, оған 12 мен 18 жас аралығындағы 1700-ден астам оқушы қатысты, сондай-ақ 800 мұғалім мен мектеп қызметкерлері де қатысты. Зерттеу 2 саты бойынша жүргізілді. 1 сатыға ағарту жұмыстарымен қамтылмаған оқушылар мен мұғалімдер қатысты. Зерттеу нәтижесі бойынша, олардың білімі төмен, оқушылардың 53%-ы диабеттің алғашқы белгілерінің бірде-бірін білмейді. Сонымен қатар, олардың тең жартысы 2 типті диабеттің алдын алу шараларымен таныс емес, Қазақстандағы диабетке шалдыққандардың 90%-ы осы типте. Мұғалімдер мен мектеп қызметкерлеріне жүргізілген сауалнама нәтижесі де мәз емес. Сұралғандардың 43%-ы ғана аурудың алдын алу шараларының біреуін ғана білсе, ал 90%-ы алғашқы белгілердің біреуін ғана атай алды. Зерттеудің 2 сатысы 2 жылға созылған ағарту жұмыстарымен қамтылған оқушылар мен мұғалімдер арасында жүргізілді. Бұл топ ауру туралы білімі бойынша жақсы нәтиже көрсетті. Жобаға қатысқан топтағы оқушылардың 84%-ы мен мұғалімдердің 88%-ы диабеттің алғашқы белгілері туралы біледі. Сәйкесінше алдын алу шаралары туралы 78% және 86%-ы біледі. Халықтың диабет туралы мәліметі төмен, сондықтан Қазақстанда аурудың пайда болғанын 5-7 жыл өткен соң ғана анықтайды, ол кезде диабет денсаулыққа орны толмас зиянын тигізіп үлгіреді. Адамдар жылдар бойы тәуекел ауймағында тұрғанын білмеуі мүмкін, 2 типті диабеттің көзге көрінбейтін белгілерімен өмір сүре береді, ол қозғалысы аз өмір салты мен теңгерімсіз тамақтанудың нәтижесінде пайда болады. «Таяуда ғана біз Алматы мектептерімен жұмысты аяқтадық. Біздің мақсатымыз – өскелең ұрпақтың ақпаратты бойына тез сіңіретін уақытында, яғни олардың өмір салты мен тамақтану дағдылары қалыптасып келе жатқанда білімін жоғарылату. Әрине, біз мұғалімдер мен ата-аналарға қосымша ақпарат бере кеттік. Мектептермен жұмысты аяқтағанымызға қарамастан, жоба аясындағы жұмысымыз жалғасуда. Кәсіпорын қызметкерлерінің қанындағы глюкоза деңгейіне скрининг жүргіземіз. Сонымен қатар Астанадағы мектептерде ағарту жұмыстары жалғасуда», - деді «Назар аудар: Диабет жаныңда!» жобасының еріктісі Зарина Қамзина.      

Серіктес жаңалықтары