Абай облысының тұрғыны (қарыз беруші) жауапкерден 60 млн теңгеден астам берешекті өндіру туралы талап қоюмен сотқа жүгініп, жауапкердің ақшаны алғанын растайтын қолхатты ұсынған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Семей қаласының ауданаралық азаматтық істер жөніндегі соты ұсынылған құжаттар негізінде талап қоюды қанағаттандырған.
Жауапкер бұл шешімге апелляциялық тәртіпте шағымданып, қолхатта қарызды қайтару шарттары мен қарыз шартының жасалғанын растайтын мәліметтер жоқ екенін көрсеткен.
Сондай-ақ ол жауапкерді ЖШС-мен ауыстыруды және істі аумақтан тыс соттылық қағидалары бойынша басқа облыс сотына беруді сұраған.
Абай облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы сот актісінің заңдылығы мен негізділігін тексере отырып, материалдық құқық нормаларына (АК-нің 393-бабы) назар аударған.
Оған сәйкес шарт тараптар арасында оның барлық маңызды талаптары - тараптар, қарыз нысанасы және ақшаны қайтару міндеті бойынша келісімге қол жеткізілген жағдайда ғана жасалған болып есептеледі.
Абай облыстық соты талап қоюшы ұсынған қолхаттар қарыз шартының жасалғанын және ақшаны қайтару міндетінің бар екенін растамайды деген қорытындыға келген.
Сот кәсіпкерлік қызмет барысында немесе ірі сомаға жасалатын мәмілелер жазбаша нысанда рәсімделуге тиіс екенін (АК-нің 151 және 152-баптары) атап өтті.
Сондай-ақ мәміленің жазбаша нысаны сақталмаған жағдайда, тараптар оның мазмұнын куәгерлік айғақтармен дәлелдеуге құқылы емес (АК-нің 153-бабы).
Егер жауапкер қарыздың бар екенін дауласса, тек қолхаттардың өзі өзге дәлелдерсіз жеткіліксіз саналады.
Қосымша түрде алқа азаматтардан қарыз түрінде ақша тарту кәсіпкерлік қызмет ретінде тыйым салынғанын да атап өтті.
Сот жауапкерді ауыстыру және істі басқа облыс сотына беру туралы уәждерді қабылдамады, өйткені мұндай мәселелер апелляция сатысында қаралмайды, ал бірінші сатыдағы сот тарапынан соттылық қағидаларының бұзылуы анықталмаған.
Қолхаттар бойынша ақша қайтару даулары азаматтық істердің кең таралған санаттарының бірі болып қала береді. Практикада ақшалар жиі толыққанды шартсыз беріліп, тараптар тек қолхатпен шектеледі.
Алайда дау туындаған жағдайда, құжаттарды дұрыс рәсімдеу сотта құқықтарды қорғаудың негізгі факторы саналады.