Қазақстан жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатында үшінші жеңісіне қол жеткізді

/
Қазақстан жасөспірімдер құрамасы әлем чемпионатында үшінші жеңісіне қол жеткізді
Қазақстан хоккей федерациясы

Польшаның Крыница-Здруй қаласында шайбалы хоккейден жасөспірімдер арасында IA дивизионының әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бұл додада Қазақстан құрамасы элиталық дивизионға жолдама алу үшін күресуде, деп хабарлайды turkystan.kz.

Турнирге Қазақстанмен бірге Польша, Мажарстан, Украина, Швейцария және Словения құрамалары қатысып жатыр. Қазіргі таңда қазақстандық жас хоккейшілер үш матч өткізіп, барлығында жеңіске жетіп, 9 ұпаймен турнир кестесінің көшін бастап тұр.

Алғашқы ойында Қазақстан құрамасы Мажарстанды 5:2 есебімен ұтса, екінші кездесуде алаң иесі Польшаны 10:2 есебімен ойсырата жеңді. Үшінші турда Украинаға қарсы матч ерекше тартысты өтті. Кездесудің 25-минутына дейін отандастарымыз 0:3 есебімен ұтылып жатқанымен, кейін ойын тізгінін өз қолына алып, қатарынан бес шайба соғып, камбэк жасап, 5:3 есебімен жеңіске жетті. Бұл ойында команданы Максим Худяков жаттықтырады.

Қазақстан құрамасы келесі кездесуін 23 сәуір күні Швейцарияға қарсы өткізеді. Ойын елорда уақытымен 15:30-да басталады. Ал топтық кезеңдегі соңғы матч 24 сәуірде дәл осы уақытта Словения құрамасына қарсы өтеді.

Айта кетейік, турнир қорытындысы бойынша бірінші орын алған команда элиталық дивизионға жолдама алады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары