Алматыда автобус күтіп отырған әйелдің үстіне аялдаманың әйнегі құлады

/
Алматыда автобус күтіп отырған әйелдің үстіне аялдаманың әйнегі құлады

Алматыда қоғамдық көлік күтіп отырған әйелдің үстіне аялдама павильонының әйнегі құлап кеткен. Оқиға салдарынан оның күртешесі бірнеше жерінен жыртылған. Жағдайға қатысты Алмалы ауданының әкімдігі түсініктеме берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға Мақатаев пен Назарбаев көшелерінің қиылысындағы аялдамада болған. Зардап шеккен әйел Threads әлеуметтік желісінде болған жағдайды баяндап, суреттер жариялаған. Оның айтуынша, автобус күтіп отырған кезде аялдаманың әйнегі кенеттен үстіне құлаған. Салдарынан сырт киімі бірнеше жерінен жыртылған.

Әйел аялдамадағы әйнектердің қаншалықты қауіпсіз орнатылғанына алаңдаушылық білдірді.

"Абырой болғанда, үстімде күртешем болды. Мұндай жағдайға кім жауап береді? Аялдамадағы әйнектерді дұрыстап бекітуге болмай ма? Бұл – адам көп жиналатын орын. Бұл жерде кішкентай бала болуы да мүмкін еді", – деп жазды ол.

Желіде жарияланған фотосуреттерден аялдаманың жанында шашылған әйнек сынықтарын және жыртылған күртешені көруге болады. Әйелдің денсаулығына зақым келген-келмегені туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ.

Оқиғаға қатысты Алматы қаласы Алмалы ауданының әкімдігі жауап берді. Ведомство өкілдері аялдама павильонына жауапты RTS компаниясымен байланысқа шыққанын хабарлады.

"Компанияның ақпараты бойынша, аялдама павильонының зақымданған әйнегі ертеңге дейін ауыстырылады. Сонымен қатар мамандар оқиға орнында әйнектің зақымдану себептерін тексереді", – делінген әкімдік жауабында.

Сондай-ақ жауапты компания жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін фотоесеп ұсынуға міндеттелген. Әкімдік аялдаманы қалпына келтіру жұмыстары бақылауда екенін мәлімдеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар