Көкшетауда колледж бухгалтері 70 млн теңге ұрлап, пәтер мен көлік алған

/
Көкшетауда колледж бухгалтері 70 млн теңге ұрлап, пәтер мен көлік алған
istockphoto.com

Көкшетау қалалық сотында қызметтік жағдайын пайдаланып, аса ірі мөлшерде қаражатты талан-таражға салғаны үшін колледж бухгалтері А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінің бухгалтері А. 2021–2025 жылдар аралығында бюджет қаражатын жүйелі түрде жымқырып отырған.

А. қызметтік жағдайын және басшының электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдалана отырып, «Online Bank» жүйесінде шығыс операцияларына қол қойып, колледж қажеттіліктері үшін деген сылтаумен әртүрлі сомаларды шешіп алып отырған, оған қоса өзіне белгіленген лимиттен тыс жалақы есептеп отырған.

Осылайша, А. жалпы сомасы 70 млн.теңгені құрайтын аса ірі мөлшердегі қаражатты жымқырып, оны өзінің қажеттіліктеріне жұмсаған және Білім басқармасына аса ірі көлемде залал келтірген.

Сотта А. кінәсін толық мойындап, 2021 жылдан 2025 жылға дейін алған қаражатты несиелері мен қарыздарын өтеуге жұмсағанын, автокөліктер, пәтер және автотұрақ орнын сатып алғанын көрсетті.

Жаза тағайындауда сот оның шын жүректен өкінуін және кәмелетке толмаған баласының бар екенін жеңілдететін мән-жайлар деп ескерді.

Мемлекетке - Білім басқармасына жалпы сомасы 70 млн.теңге материалдық залал келтірілген. Сотталушы талапты мойындап, 5 млн теңгені өтеген.

Сот үкімімен А.-ға мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру тағайындалды. Автокөліктер мен автотұрақ орны мемлекет кірісіне тәркіленді. Білім басқармасының пайдасына 65 млн.теңге (5 млн.теңге өтемақыны есепке ала отырып) өндірілді.

А.-ның кәмелетке толмаған баласы бар екенін және оны жалғыз тәрбиелейтінін ескере отырып (ҚК 74-бабының 1-бөлігі), сот бас бостандығынан айыру жазасын өтеуді 2027 жылғы 22 сәуірге дейін кейінге қалдырды.

Сот актісі заң күшіне енбеген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары