Премьер-министр Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді. Жиында 2026 жылғы өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық мәселелері қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Өрт қаупі бар кезең болса енді ғана басталып жатыр. Бірқатар өңірде табиғи қорықтар мен орман шаруашылықтарының аумағы жанды. Далалы жерлерде де өрт ошақтары күн сайын тіркеледі. Даладан басталған қызыл жалын орман қорына ауысуы мүмкін. Өрттер флора мен фаунаға айтарлықтай зиян келтіреді. Барлық қызметтер жедел әрекет етуге дайын болуы керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Өз кезегінде экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ Абай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстары әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері еліміздің орман алқаптарында жалпы ауданы 794 гектардан асатын 36 өрт тіркелген. «Қазгидромет» болжамына сәйкес, 2026 жылдың көктем-жаз маусымы қалыпты көрсеткіштен 1-2 градусқа жоғары болады деп күтілуде. Сәуір айының екінші жартысында оңтүстік және батыс өңірлерде ауа температурасы +25...+35°C-қа дейін көтерілуі мүмкін. Осыған байланысты табиғи өрттер қаупін азайту жөніндегі республикалық іс-шаралар жоспары жүзеге асырылып, орман және табиғатты қорғау мекемелерін техникалық жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар өрт қаупі анақұрлым жоғары аумақтарда тілсіз жауды ерте анықтау жүйелері енгізілуде.
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов табиғи өрттерге жедел әрекет етуге арналған күштер мен құралдардың дайындығы туралы баяндады. Ел бойынша 50 мыңнан астам жеке құрам және 11 мыңға жуық техника дайындыққа келтірілді. Бұған қоса, Төтенше жағдайлар министрлігінің қарамағында 5 мыңнан астам қызметкер, 853 техника, 26 әуе кемесі және 218 ұшқышсыз ұшу аппараты бар.
Жедел әрекет ету тиімділігін арттыру үшін шекаралас мемлекеттермен өзара әрекеттесуді ескере отырып, іс-қимыл алгоритмі жаңартылды. Өрт жағдайына цифрлық және ғарыштық жүйелер арқылы тәулік бойы мониторинг жүргізіледі, бұл күштерді басқаруды орталықтандыруға және шешім қабылдау уақытын жеделдетуге мүмкіндік береді.
Еліміздің әрбір өңірінде авиациялық бөлімшелер құрылып, тәуекелі жоғары орман аймақтарында тәулік бойы жерүсті және әуеден патрульдеу ұйымдастырылған.
«Ауыл құтқарушылары» желісін дамыту ісі жалғасуда: бүгінде 167 өрт сөндіру бекеті жұмыс істеп тұр, олардың санын 700-ге дейін арттыру жоспарлануда. Сонымен қатар күштер мен құралдардың республикалық тобы бекітілді. Мамыр айында Қостанай облысында «Өрт-2026» трансшекаралық өрттерді жою бойынша оқу-жаттығуларын өткізу жоспарланған.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Мәлік Олжабеков ақпараттық жүйелердің өртті модельдеуге дайын екенін мәлімдеді. Атап айтқанда, қауіпті болжау және өрттің таралуын модельдеуге мүмкіндік беретін метеоспутниктік деректер негізінде Tasqyn жүйесінде өрт қауіптілік кластары мен индекстерінің картасы іске қосылды. Жылу нүктесі деректерін өңдеу уақыты 20-30 минутқа дейін қысқартылып, ғарыштық түсірілімдерге жедел қолжетімділік қамтамасыз етілген.
Өңір әкімдері қазіргі ахуал және өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, Абай облысының әкімі Берік Уәли алдын алу шараларын және патрульдеуді күшейту, ерте анықтау және ғарыштық мониторинг жүйесін енгізу, материалдық-техникалық базаны нығайту, өрт сөндіру бекеттері желісін дамыту және күштер мен құралдарды даярлау, оқу-жаттығулар өткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты. Жыл басынан бері облыста тіркелген 2 орман өрті ешқандай зардапсыз жойылған.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдің өрт қаупі жоғары кезеңге толық дайын екенін атап өтті. Күштер мен құралдар жасақталып, техника жарақтандыру күшейтілді, әуе патрульдеуі жүргізілуде, өртті ерте анықтау жүйелері енгізіліп, оның ішінде қолжетімділігі қиын аумақтар үшін мобильді топтар құрылды.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов өңірдегі жағдайдың тұрақты екенін, өрт деректері тіркелмегенін айтты. Сондай-ақ азаматтық қорғау күштері қалыптастырылып, 1,2 мыңнан астам адам мен 600-ден астам техника жандандырылды. Өрт сөндіру бекеттерінің желісі кеңейтіліп, алдын алу шараларын қаржыландыру ұлғайтылды. Сонымен қатар техника жаңартылып, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып, өртті ерте анықтау жүйелері енгізілуде.
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жыл басынан бері табиғи өрт оқиғалары тіркелмегенін хабарлады. Профилактика жұмыстары тұрақты жүргізілуде, күш-құралдарды дайындау жалғасуда. Бұл мақсатқа 3,2 мың адам, 1,1 мың техника мен басқа да жабдықтар жұмылдырылған. Әсіресе, орман өрттерінің алдын алуға ерекше назар аударылып отыр. Осы жұмыстар аясында былтыр Әулиекөл ауданында бақылау мұнарасы орнатылды, тағы да 20 нысанның құрылысын салу жоспарлануда. 2028 жылдың соңына қарай орман мекемелерін өрт-бақылау мұнараларымен жарақтандыру деңгейі 100%-ға дейін жеткізілетін болады.
Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов материалдық-техникалық базаны нығайту, техника сатып алу, дербес өрт сөндіру үшін мобильді топ құру жұмыстары туралы хабардар етті. Бұдан басқа, тәулік бойы бейнемониторинг қамтамасыз етілді, өрт сөндіру бекеттерінің желісі дамуда, Ми-8 тікұшағымен және «Қазавиаорманқорғау» бортымен әуеден шолу жоспарланған.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев орман және дала өңірлерінде профилактикалық жұмыстарды күшейтудің маңыздылығын атап өтті. Әкімдіктерден қорғаныс белдеулерін құру, аумақтарды тазалауды жеделдету, техниканы дайындыққа келтіру, ауыл шаруашылығы жабдықтарында ұшқын сөндіргіштердің бар-жоғын тексеру және су көздерін дайындау талап етілетіні атап өтілді.
Премьер-министр өрт қаупін азайту жөніндегі республикалық және өңірлік іс-шаралар жоспарларын сапалы жүзеге асыру қажеттігіне назар аударды. Елді мекендердің аумақтарын құрғақ өсімдіктер мен қоқыстардан тазартудың, сондай-ақ минералды оқшаулау жолақтарын құрудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. ТЖМ деректері бойынша бұл жұмыс Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан, Жетісу облыстарын қоса алғанда, бірқатар өңірде тиісті деңгейде жүргізілмейді. Сондай-ақ, Алматы, Батыс Қазақстан, Түркістан, Атырау облыстарында аумақтарды тазарту аяқталған жоқ, бұл елді мекендерге тікелей қауіп төндіреді. Экология министрлігінің мәліметінше, өрт қауіпті маусымға дайындықтың төмен деңгейі Ақтөбе және Қызылорда облыстарында байқалып отыр.
Олжас Бектенов әкімдердің алдына осы жұмысты жандандыру жөнінде міндет қойып, проблемалық мәселелерді шешуді тікелей бақылауына алуды тапсырды.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-министр мемлекеттік органдар мен ведомстволарға бірқатар тапсырма берді.
Экология министрлігі – өңірлерді авиапатрульдеумен толыққанды қамтамасыз етсін. Өрт қаупі жоғары кезеңде тікұшақтардың кезекшілігіне қатысты келісімшарт жасауды тездету керек. Әуе кемелері су шашатын құрылғылармен жабдықталып, орман қорына жақын маңда шоғырлануға тиіс. Сондай-ақ өрттің пайда болу қаупі жоғары жерлерде қосымша бақылау бекеттері орналастырылсын. Ормандар мен даланы аэровизуалды шолып зерттеу үшін пилотсыз аппараттарды белсенді пайдалану қажет. Төтенше жағдайлар министрлігі өздерінің әуе кемелерін жұмылдыруы керек. Сонымен қатар Қорғаныс, Ішкі істер министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің авиациялық бөлімшелері де әуеден бақылау және өрт сөндіру жұмыстарына тартылып, өңірлер бойынша тікұшақтардың орналасуы қамтамасыз етілсін.
Төтенше жағдайлар министрлігі Экология министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірге табиғи өрттерге қарсы әрекет ету жөніндегі республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу шараларын ұйымдастырып, өткізсін. Оқу-жаттығу барысында трансшекаралық өрттерді сөндіру және көрші мемлекеттердің қызметтерімен өзара іс-қимыл жасау мәселелерін пысықтау қажет. Сондай-ақ оқу-жаттығуға «Ауыл құтқарушылары» өрт сөндіру бекеттерін де тарту керек. Қазіргі таңда олар барлық өңірлерде белсенді түрде құрылып жатыр. Біз бұл бағытта жұмысты одан әрі жалғастырып, табиғи өрттерді сөндіру кезінде олардың әлеуетін пайдалануымыз керек. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігінің ахуалдық орталығында өрт қаупі жоғары кезеңде мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерінен құралған жедел штаб құру қажет. Штаб жұмысы аясында өңірлердегі өрт жағдайын тәулік бойы бақылауды қамтамасыз ету керек.
Экология министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, табиғатты қорғау және орман мекемелерін одан әрі жарақтандыру жұмыстарын жалғастырсын. Әкімдіктермен, Жасанды интеллект министрлігімен және «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп, өрттерді ерте анықтау жүйелерімен қамту аясын кеңейтіп, олардың «Семей орманы» резерватының аумағында да жұмыс істеуін қамтамасыз етуі қажет.
Жасанды интеллект министрлігі өрттерді болжау және сөндіру алгоритмдері үшін қолданыстағы ақпараттық жүйелердің әзірлігін қамтамасыз етсін. Бұл орайда жерді қашықтан зондтау деректерін пайдалану қажет. Болжау нәтижелерін әкімдіктерге және тиісті мемлекеттік органдарға жеткізу керек.
Әкімдіктер елді мекендерде ерікті өртке қарсы құрылымдарды ұйымдастыру жұмыстарын жалғастырсын. Сондай-ақ өңірлерде әуе кемелерін тарту үшін жанар-жағармай материалдарының қажетті қорларын қамтамасыз еткен жөн. Өрт сөндіру көліктері мен тікұшақтар су алу үшін қажетті су көздерін дайындау керек. Осы ұйымдастыру мәселелерінің барлығын 20-шы сәуірге дейін шешу қажет.
ІІМ – өрт қаупі жоғары кезеңде ормандарда азаматтардың демалуына жол бермеу жөнінде шаралар қабылдасын. Рейдтер мен патрульдеу кестесін жасаңыздар. Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушылардың барлығын жауапкершілікке тарту қажет.
Төтенше жағдайлар, Экология, Мәдениет және ақпарат министрліктері мен әкімдіктер өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселесі бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуге тиіс.
Тапсырмалардың орындалуын үйлестіру Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.