Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот Қарабалық ауданының тұрғыны С - ға қатысты аса ірі мөлшерде жасалған қорқытып алу бойынша қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
2025 жылғы ақпанда С. ЖШС-ге тиесілі құстың өлігі мен жарамсыз құстың шығарылуына куә болды. Мұндай әрекеттер санитарлық нормалар мен биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату ережелерін бұзатынын біліп, ол ұялы телефонының камерасына видео түсіріп, оны YouTube арнасына жариялады.Осы жарияланымның негізінде өкілетті органдар тарапынан тексерістер жүргізілді және ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Содан кейін сотталушы С. ЖШС өкілімен әңгіме барысында ЖШС қызметі туралы осындай мазмұндағы бірқатар бейнежазбалар бар екенін ашық мәлімдеп және «Shacman» автомобилін немесе 20 000 000 теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражатты беру арқылы сыйақы алу мәселесін реттеуді ұсынған.ЖШС тиісті өтінішпен құқық қорғау органдарына жүгінді.
Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу барысында С. ақшаны беру орны мен тәсілін көрсетіп, оны өз ауласының қоршауына лақтыруды ұсынды.
Сол күні ЖШС өкілі С. үйінің қоршауы арқылы 15 000 000 теңге көлемінде ақшалай қаражат берді.
Сотталушы сотта кінәсін мойындаған жоқ.Қорғаушы тарап ақтау үкімін шығаруды өтінді.
Жасалған әрекеттердің жеке басын, сипатын және қоғамға қауіптілік дәрежесін, іс бойынша барлық мән-жайларды ескере отырып, сот сотталушы С.-ға 7 жыл 6 ай мерзімге, орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде жазасын өтей отырып, бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ