Иран Парсы шығанағындағы мемлекеттердің мұнай инфрақұрылымына соққы жасап жатыр. Сауд Арабиясы көңілі қалып, әскери жауап қайтаратындарын мәлімдеді. Бұған Трамп ашуланып, Иранның мұнай мен газ кен орындарын бомбылап, алапат өрт шығаратынын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz "Астана" арнасы.
Иран араб елдерін бомбылауды тоқтатпады, Парсы шығанағының мұнай инфрақұрылымын істен шығаруға әрекеттеніп жатыр. Бір күн ішінде Сауд Арабиясы мен Қатардың ең үлкен мұнай өңдеу зауыттарына дрон түсірді. Сауд Арабиясы ресми түрде Ираннан көңілдері қалғанын мәлімдеді.
"Иранмен біз орнатқан сенімгерлік байланыс, дипломатия және бүкіл келіссөздеріміз келмеске кетті. Біз енді Иранмен жаумыз. Біз ғана емес, осында өкілдері отырған бірнеше мемлекет Иранмен қарым-қатынасты реттегісі келді. Енді барлығымыз Иранға жабылып, соғысуымыз да мүмкін", - дейді Сауд Арабиясының сыртқы істер министрі Файсал Бин Фархан.
Трамп енді Иранға мүлдем аяушылық білдірмейді. Мұнай өңдеу зауыттары мен порттарға шабуыл жасалды дегеннен бері АҚШ президенті ашуына мінген. Трамп Ислам республикасының мұнай инфрақұрылымын жауап ретінде түгелдей жойып жіберуге дайындалып жатыр. Бұл – жалғыз Иран емес, Қытай экономикасына да үлкен соққы болмақ, дейді мамандар.
"Иранның порттары мен зауыттары ғана емес, кен орындарын да жарып жіберемін. Иран басшылары жақсылап ойлансын. Басшы дейтіндей басшы да қалмады. Көпшілігін бірінші күні-ақ қырып тастадым. Болашақта Иранның ақша табатын мүмкіндігі болмайды. Себебі мен мұнай мен газ кен орындарын бомбылап, алапат өрт шығарамын", - дейді Дональд Трамп.